Шығыс Қазақстан облысында рұқсатсыз алтын өндірген ұйымдасқан топтың қызметі тоқтатылды. Операцияны Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитеті және прокуратура органдарымен бірлесіп жүргізді.
Ведомство мәліметінше, заңсыз жұмыстар Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында жүргізілген. Қатысушылар құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіріп, өңдеу барысында табиғатқа айтарлықтай зиян келтірген.
Тергеу деректеріне сәйкес, жұмыстар шамамен 30 гектар аумақта ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендерді пайдалану арқылы жүзеге асырылған. Соның салдарынан топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылған әрі өзен арнасы өзгерген.
Заңсыз іске 30-дан астам адам тартылған. Олардың арасында Қытай Халық Республикасының азаматтары да бар.
Тінту кезінде алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш және құрамында алтыны бар кенді өндіруге әрі жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.
