Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі 28 қыркүйекте басталады. Алғашқы сот отырысы сағат 09:30-да Алмалы аудандық сотында өтеді. Бұл ақпаратты Боқаевтың қорғаушысы Радмир Утепов растады.
Тергеу барысында белсендіге бірнеше бап бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, оған аса ірі көлемде қаржы жымқыру, жалған ақпарат тарату және Баума тоғайындағы ағаштардың заңсыз кесілуін ұйымдастыру бойынша айыптар қатысты.
Бас прокуратураның бұған дейін хабарлауынша, Боқаев әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды ақшаға жалдап, оларды құрылыс нысандарындағы ұрлық пен ағаш кесуге пайдаланған деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасына сәйкес, аталған әрекеттердің видеолары кейін әлеуметтік желілерде жарияланып, қоғамдық резонанс туғызу мақсатында қолданылған.
Санжар Боқаев наурыз айында ұсталып, кейін сот шешімімен қамауға алынған.
