Грузияда 18 жастағы қазақстандық есірткі қылмысына күдікпен ұсталды. Бұл туралы Грузия Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Имеретия өңірінде 2008 жылы туған Қазақстан және Украина азаматтары әртүрлі уақытта қолға түскен. Тергеу олардың ірі және аса ірі көлемде есірткіні заңсыз сақтау және өткізуге қатысы барын анықтаған.
Атап айтқанда, күдіктілердің аса ірі көлемдегі метадонды сақтап, таратумен айналысқаны белгілі болды. Тінту барысында олардың жеке заттары мен уақытша тұратын жерінен есірткі табылған. Сондай-ақ тергеу эксперименті кезінде күдіктілер есірткіні жасырған орындарын өздері көрсеткен.
Полиция есірткіні қаптауға арналған құралдарды да тәркілеген.
Аталған факті бойынша Грузия Қылмыстық кодексінің 260 және 260 (4)-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл баптар 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Бұған дейін Дубайда 22 жастағы қазақстандық азамат өмір бойына сотталып, 300 млн теңге айыппұл салынғаны хабарланған. Оның анасы тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.
