«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Қазақстанда биыл әскери парад өтпейді

Қорғаныс министрлігі биыл Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай дәстүрлі әскери парад өткізілмейтінін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, бұл шешім мерекелік шаралардың мазмұнын өзгертуді көздейді. Соған қарамастан, айтулы күндер кең көлемде атап өтіледі.

Министрлік парадтың орнына бірқатар әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді. Атап айтқанда, ел бойынша ерлік сабақтары өткізіліп, үздік әскери қызметкерлер марапатталады. Сонымен қатар, ардагерлерге құрмет көрсету шаралары, экологиялық акциялар мен әскери оркестрлердің шерулері жоспарланған.

Бұдан бөлек, тұрғындар үшін шығармашылық ұжымдардың концерттері ұйымдастырылып, әскери техника мен қару-жарақ көрмесі ұсынылады. Сондай-ақ, көпшілікке арналған «Солдат ботқасы» акциясы мен әскери бөлімдердегі ашық есік күндері де өтеді. Бұл шаралар азаматтардың әскер өмірімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.

Осылайша, биылғы мерекелер дәстүрлі парадсыз өтсе де, мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралар арқылы ерекшеленбек.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада 7 мамыр күні өткен шара барысында 97 жастағы ардагер, қазақтан шыққан тұңғыш нейрохирург Теңдік Изақов арнайы тізімде болмағандықтан мерекелік алаңға кіре алмаған еді. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Кейін қала әкімдігі жағдай үшін кешірім сұрап, ардагерді 9 мамырдағы гүл қою рәсіміне арнайы шақырған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда сот орындаушы 370 миллион теңге мен Range Rover автокөлігін иемденіп алған

Мәскеуде Әлихан Бөкейхановтың мүсіні орнатылды

Қазақстандықтар үшін жұмыс күндері жедел жәрдем шақыру шектеледі: Жаңа ережелер

Redaktor Shyn-Ar