«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратЗаң

Жарты миллиард теңгенің мүлкін тонағандар 10 жылдан астамға сотталды

Алматыда «Кенжехан» базарының басшысы Сергей Кимнің үйіне жасалған қарулы шабуылға қатысты сот үкімі шықты. Үш күдікті 10–11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу мәліметінше, қылмыскерлер ауқатты азаматтарды алдын ала бақылап, түнгі уақытта үйлеріне заңсыз кіріп, күш қолданып, ақша мен бағалы заттарын тартып отырған. Солардың бірі ретінде олар Сергей Кимнің коттеджін нысанаға алған.

2025 жылғы 12 қыркүйекке қараған түні күдіктілер кәсіпкердің үйіне басып кірген. Үй иесі қарсылық көрсетіп, пышақпен біреуін жаралағанымен, шабуылдаушылар оның жұбайы мен баласына қоқан-лоқы жасап, берілуге мәжбүрлеген.

Қылмыскерлер үйден жалпы құны 530 миллион теңгеден асатын 11 қымбат сағат пен зергерлік бұйымдарды ұрлап кеткен. Олардың қатарында Ulysse Nardin, Vacheron Constantin, Rolex сағаттары және Van Cleef әшекейлері болған.

Алайда күдіктілер көп ұзамай ұсталды. Жараланғандардың бірі медициналық көмекке жүгінген, ал оқиға орнынан таксимен кеткен кезде жүргізуші оларды танып қалған. Нәтижесінде бес күн ішінде барлығы қолға түсті.

Тергеу барысында олардың бұған дейін де осындай үш қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Сот үкімімен екі айыпталушы 11 жылға, ал үшіншісі 10 жылға сотталды.

Айта кетейік, Сергей Кимнің өзі де қазіргі уақытта қамауда отыр. Ол «Арселор Миттал» кәсіпорнында шамамен 2 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша күдікке ілінген.

Соңғы жылдары «Кенжехан» базары төңірегінде дау-дамай жиілеп, мәселе Парламент деңгейінде көтерілген. Бас прокуратураның тапсырмасымен тексерулер жүргізіліп, жер телімдері мен жалға алу мәселелеріне қатысты сот даулары болған.

Сондай-ақ, Алматыдағы «Алтын Орда» базарына байланысты дау 2013 жылдан бері жалғасып келеді. Бұрынғы акционер Айдарбек Құсайынов өз үлесін қысыммен сатуға мәжбүр болғанын айтып, бұл жағдайды рейдерлікпен байланыстырған. Кейін ол сотқа бірнеше рет жүгінгенімен, талап қою мерзімі өтіп кеткен деген себеппен арыздары қанағаттандырылмаған. Қазіргі таңда ол өтемақы өндіру талабын Нұрбол Назарбаевқа бағыттап отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Қостанай облысында зираттарды су басты

Redaktor Shyn-Ar

Ұлытау облысындағы шахтада апат болды

Redaktor Shyn-Ar

Орталық Азия елдерінің медиа саласындағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп келеді – Балаева