Денсаулық сақтау министрлігі антибиотиктерді бақылаусыз қолдану мәселесі әлі де өзекті екенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, антибактериялық препараттар дәрігер рецептісінсіз, соның ішінде онлайн платформалар арқылы да сатылып келеді. Бұл өз кезегінде өзін-өзі емдеу жағдайларының артуына және антибиотиктерге төзімділіктің қалыптасуына әсер етуде.
Осыған байланысты министрлік антибиотиктерді рецептісіз босатуды бақылауды күшейтіп, дәрілік заттарды таңбалау жүйесін кеңейтпек. Сондай-ақ төзімділік қаупі төмен препараттарды тіркеуге басымдық беріледі.
Мамандардың айтуынша, микробқа қарсы төзімділік бүгінде жаһандық қауіпке айналған. Жыл сайын әлемде антибиотиктерге төзімді инфекциялардан 700 мыңға жуық адам көз жұмады. Қазақстанда бұл мәселені шешу мақсатында 2027 жылға дейінгі арнайы жол картасы жүзеге асырылып жатыр.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, елімізде антибиотиктерді ұтымды пайдалану көрсеткіштері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған деңгейге әлі жеткен жоқ. Сондықтан дәрі-дәрмекті тек дәрігер кеңесімен қабылдау маңызды.
