«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарЗаңҚұқық

Құдықтан табылған жігіттің өлімі: 15 жастағы інісі күдікке ілінді

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында су құбыры құдығынан табылған Мейіржан Рүстемнің өліміне қатысты жаңа мәліметтер жария болды.

«Информбюро» бағдарламасының хабарлауынша, марқұм 30 мамыр күні түнде үй ауласында ұйықтап жатқан жерінен із-түзсіз жоғалып кеткен. Бір тәуліктен кейін оның денесі жергілікті су құбыры құдығынан табылған.

Туыстарының айтуынша, мәйітте дене жарақаттарының белгілері болған. Марқұмның анасы Кенже Дүйсенбиева ұлының өліміне бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін деп есептейтінін айтты. Сонымен қатар ол бұл қылмысқа күдікті ретінде 15 жастағы ұлының ұсталғанына келіспейтінін жеткізді.

Отбасы мүшелерінің пікірінше, жасөспірімнің физикалық мүмкіндігі ағасына мұндай әрекет жасауға жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондай-ақ олар оқиғаны бұған дейін үй маңында болған ұрлық деректерімен байланыстырып отыр.

Марқұмның әкесі Ғани Жұпарбаев тергеу барысында кейбір жайттардың назардан тыс қалып жатқанын айтып, құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты күмәнін білдірді.

Ал Қызылорда облыстық полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.

Қызылорда облыстық ПД тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітовтің айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тараптардың мәлімдемелері әртүрлі болғандықтан, қылмыстың нақты себептері мен оған қатысы бар тұлғалар туралы түпкілікті қорытынды сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Марқұмның ата-анасы істің әділ қаралуын талап етіп, қажет болған жағдайда Ішкі істер министрлігіне жүгінетіндерін мәлімдеді.

Ұқсас жаңалықтар

Оразада мұсылмандар тұтынатын өнімдер қымбаттай ма?

Өз елімізде қазақша қызмет ала алмаймыз»: Adidas дүкеніндегі жанжал қоғамды дүрліктірді

Алаяқтарға несие рәсімдеу қиындайды: Қазақстанда онлайн несие рәсімдеуге жаңа шектеулер енгізіледі

Redaktor Shyn-Ar