Алматы облысындағы “Алтын Орда” базарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын негізсіз қымбат бағаға сатып келген 7 кәсіпкердің қызметі тоқтатылды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бақылау шаралары барысында бірқатар кәсіпкерлердің делдалдық схемалар арқылы азық-түлік бағасын көтергені анықталған.
Атап айтқанда, ЖК “Омаров”, “Iceberg Distribution” ЖШС және “Ар Диас” ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағамен сатып алып, кейін басқа сауда орындарына 17 пайыздан 86 пайызға дейін үстеме қосып қайта сатқан.
Заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.
Министрлік мәліметінше, “Алтын Орда” базарындағы 13 сауда субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде азық-түлік бағасының қымбаттауына әсер еткен 7 тиімсіз делдалдың жұмысы тоқтатылған.
Қазіргі таңда өңірде өндірушілер мен ірі жеткізушілердің тізімі жасақталып, электронды шот-фактуралар арқылы делдалдық тізбектерді анықтау және жою жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл шаралар нарықтағы ашықтықты қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтуға бағытталған.
Ведомствоның дерегінше, жыл басынан бері жүргізілген тексерулер нәтижесінде 171 сауда нысанына қатысты 643 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 3,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Оның ішінде 467 дерек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шектен асуына қатысты болса, 176 жағдай сауда заңнамасының басқа талаптарын бұзумен байланысты.
Тексеру барысында бір сауда желісі, бір көтерме сауда орны және 11 кәсіпкердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 40 пайыздан 203,8 пайызға дейін негізсіз үстемеақы қосқаны анықталған.
