«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Қазақстанда смартфондарды верификациялау жүйесі мемлекетке өтеді

Қазақстанда ұялы телефондарды верификациялау жүйесі мемлекет қарамағына өтпек. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, мобильді құрылғыларды верификациялау жүйесі заңсыз жолмен әкелінетін смартфондардың санын азайтып, ресми импорт көлемінің артуына әсер еткен. Оның сөзінше, жүйе іске қосылғалы бері ресми дилерлердің сатылымы өсіп, кейбір брендтер бойынша көрсеткіш 30–50 пайызға дейін жеткен.

Сонымен қатар, Жаслан Мәдиев верификация қызметі азаматтар үшін бұрынғыдай тегін болатынын атап өтті. Министр бұл салада «жеке монополия» бар деген пікірмен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, қажетті IT-инфрақұрылым мен халықаралық интеграцияларды қамтамасыз ете алатын кез келген компания мұндай қызметті көрсете алған.

Министр жүйені әлі де жетілдіру қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, реформа барысында бірқатар әлсіз тұстар мен заңнамалық олқылықтар анықталған. Осыған байланысты жаңа заң жобасында аталған функцияны Мемлекеттік радиожиілік қызметіне беру ұсынылған.

Қазіргі уақытта билік верификация жүйесіндегі реттеуші функцияларды мемлекет қарамағына өткізу үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді дайындап жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда IMEI-кодтарды верификациялау жүйесін мемлекетке беру жоспарланып отырғаны хабарланған еді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда интернет тарифтерін арзандатуды талап еткен петиция жарияланды

Ұлыбритания бейбітшілікті сақтау үшін Украинаға әскер жібермек

Ақтөбелік мұғалім бес жылдық қысым туралы мәлімдеді: шағым президентке дейін жеткен