«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Түрмеде отырған адам қағаз жүзінде колледж ашып, 1,3 млрд теңгенің грантын алған

Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті білім саласындағы ірі жемқорлық схемасын әшкереледі. Тергеу мәліметінше, екі жекеменшік колледж мемлекеттен 1,3 миллиард теңге көлемінде заңсыз грант алып отырған.

Әңгіме «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» туралы болып отыр. ҚМА дерегіне сәйкес, қылмыстық схемаға колледж құрылтайшылары, басшылары, бухгалтерлері және өзге де қатысы бар тұлғалар тартылған.

Тергеу барысында 2018–2023 жылдар аралығында студенттер оқу орындарына тек қағаз жүзінде қабылданғаны анықталған. Іс жүзінде олар білім алмаған. Алайда жалған студенттер арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысы мен қайта даярлау бағдарламалары бойынша бюджеттен тұрақты түрде қаржы аударылып отырған.

Ең даулысы — схеманы ұйымдастырды делінген негізгі тұлға осы уақыт бойы түрмеде отырған. ҚМА мәліметінше, ол бұған дейінгі жымқыру ісі үшін жазасын өтеп жүрсе де, колледждердегі заңсыз әрекеттерді қашықтан басқарып отырған.

Сонымен қатар, «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» шын мәнінде жұмыс істемегені белгілі болды. Тергеу оны тек бюджет қаржысын алу үшін формалды түрде ашылған мекеме деп отыр.

Қазір күдіктілер мемлекетке келтірілген шығынның 65 миллион теңгесін ерікті түрде өтеген. Сот санкциясымен олардың 3 пәтеріне, соның ішінде Дубайдағы элиталық баспанаға, сондай-ақ 3 тұрғын үйі мен 3 автокөлігіне шектеу қойылды.

Ұқсас жаңалықтар

Экс-вице-министрлердің үйінен 200 миллион теңге табылды

Жәнібек Әлімханұлы Әлем чемпионы атағынан айырылды

Redaktor Shyn-Ar

Елнұр Бейсенбаев жаңа қызметке тағайындалды