Қаржылық қылмыстар үшін сотталып, кейін мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан Қайрат Сатыбалды ұзақ үзілістен кейін алғаш рет жұрт көзіне көрінді. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қорғаныс министрлігіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде салтанатты іс-шараға қатысқан.
Ол оқу орнының басқа түлектерімен бірге курсанттармен кездесіп, Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл қою рәсіміне барған. Колледж бұл шараның видеосын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялағанымен, көп ұзамай жазбалар өшіріліп кеткен.
Бұл жағдай қоғамда түрлі сауал туғызды. Әсіресе, жемқорлық ісімен сотталған тұлғаның әскери оқу орнында құрметпен қарсы алынуы қызу талқыға себеп болды.
Еске салсақ, Қайрат Сатыбалды 2022 жылы ұсталып, кейін аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталған еді. Тергеу барысында ол мемлекетке миллиардтаған теңгенің активтерін қайтарды. 2024 жылы өтелген шығын көлемі ескеріліп, сот оның жазасын бас бостандығын шектеумен алмастырған.
