«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Қазақстандықтарға зейнетақы жинағын жоғалту қаупі туралы ескерту жасалды

Бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын алуға көмектесеміз деп уәде беретін делдалдарға сенбеуге шақырды. Қордың мәліметінше, интернетте ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақты «кез келген адамға шешіп береміз» деп жарнама жасайтын алаяқтар көбейген.

Алаяқтар азаматтарға алдын ала төлем жасауды ұсынып, зейнетақы қаражатын алып беруге уәде етеді. Алайда БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемдері ешқандай делдалсыз әрі комиссиясыз рәсімделетінін ескертті.

Қор мұндай схемалар азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне де қауіп төндіретінін атап өтті. Себебі алаяқтар жиналған мәліметтерді өзге заңсыз әрекеттерге пайдалануы мүмкін.

БЖЗҚ мәліметінше, зейнетақы жинақтарын тек Әлеуметтік кодекс аясында қарастырылған жағдайларда ғана алуға болады. Атап айтқанда:
– зейнет жасына жеткенде;
– I немесе II топтағы мерзімсіз мүгедектік белгіленгенде;
– Қазақстаннан тыс тұрақты тұруға кеткен жағдайда;
– мұрагерлік рәсімдеу кезінде.

Сонымен қатар, заң талаптарына сай азаматтар зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалана алады. Бұл мүмкіндік:
– ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинағы бар салымшыларға;
– табысының кемінде 40 пайызы көлемінде зейнетақы алатын зейнеткерлерге;
– еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге;
– зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан азаматтарға беріледі.

Қор тұрғын үй немесе емделу мақсатындағы төлемдерді рәсімдеу үшін екінші деңгейлі банктерге тікелей жүгіну қажет екенін айтты. Яғни делдалдық қызметтердің қажеті жоқ.

БЖЗҚ азаматтарға ресми ақпаратты тек қордың ресми арналары арқылы тексеруге кеңес берді. Атап айтқанда, БЖЗҚ ресми сайты, мобильді қосымша, 1418 байланыс орталығы және әлеуметтік желідегі ресми парақшалар арқылы ақпарат алуға болады.

Ұқсас жаңалықтар

Қостанайда ресейлік әскери мейрам атап өтілді: жергілікті билік заңбұзушылықты растады

Redaktor Shyn-Ar

Тоқаев Зеленскийді Украинаның ұлттық мерекесімен құттықтады

БIР ШЕЖIРЕНIҢ ҚҰПИЯСЫ: Немесе «алдамшы» билер, «қуыршақ» хандар хақында