Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына атау беру жөніндегі жалпыұлттық байқау аяқталды. Байқау 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында eGov Mobile платформасында өтті.
Ресми хабарламаға сәйкес, конкурс комиссиясының қорытынды отырысында азаматтар ең көп ұсынған “Балқаш атом электр станциясы” атауы жеңімпаз деп танылды. Бұл атау атом электр станцияларын географиялық нысандар бойынша атау тәжірибесіне де сай келеді.
Байқауға 16 жастан жоғары 27 157 қазақстандық қатысып, әрқайсысы бір ғана нұсқа ұсынған. Комиссия ең танымал 100 атауды қарастырған. Олардың ішінде “Балқаш” атауын 882 азамат ұсынып, ол жалпы рейтингте бірінші орын алды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үлкендегі АЭС-ке атау беру үшін ашық байқау өткізуді ұсынған. Осыдан кейін алғашқы атом электр станциясының атауына арналған байқау ресми түрде басталған еді.
