Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Есбол Нұрахмет қазіргі қоғамдағы діни алауыздық туралы жазба жариялап, көпшіліктің қызу пікірталасына себеп болды. Ол діни ағымдар арасындағы кереғарлық пен ішкі қауіптерге назар аударып, өз ойымен бөлісті:
«Біз негізі діни ортадан алыс жүрген соң көп нәрсені білмейді екеміз. Мәселе әлі де күрделі сияқты. Сәләфиттер қаншалықты қауіпті болса, тәңіршілдер де сондай қатерлі елбұзарлық жасап жүр. Мына жақта Путинді ‘Мәһди’ тұтқан сопылар бар. Осылардың бәріне қарсы шыққысы келетін, ит терісін басына қаптағысы келетін атеистер де жетерлік. Қырық құрақ. Әлемдегі діни радикализм бәсеңдегендей көрінгенімен, ішкі ағыс тоқтамаған. Құдай сақтасын, егер бір үлкен күйзеліс бола қалса, қоғам қырыққа бөлініп, қақтығысуы мүмкін», – дейді ол.
Белсендінің бұл пікірі желі қолданушылары арасында түрлі көзқарас туғызды. Бірі діни алауыздықтың түп-төркінін ислам атын жамылған радикалды ағымдардан көреді, енді бірі тәңіршілдік қозғалысты «исламға ашық қарсы» деп айыптайды. Ал кейбір пікір иелері атеистер мен агностиктердің дінді сынауы жағдайды ушықтырып жатыр деп есептейді.
Жалпы, қоғамда діни бағыттар арасындағы түсініспеушіліктер мен идеологиялық қақтығыстар бұрыннан бар. Алайда қазіргі таңда ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы бұл қайшылықтар жиі ашық сипатқа ие бола бастады.
Қоғамдағы діни алауыздықты кімдер қоздырып жүр? Бұл – сыртқы ықпал ма, ішкі идеологиялық бейберекеттік пе, әлде сауатты діни саясаттың жоқтығы ма?