Маңғыстау, Қостанай, Алматы және Түркістан облыстары — жасөспірім қыздар (15-19 жас) арасында жүктілік жиі тіркелетін өңірлер қатарында. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде (ОКҚ) өткен баспасөз мәслихатында мәлім еткен деректерге сүйеніп хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен баланы қорғау департаментінің аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова бұл көрсеткіштер өңірлердегі әлеуметтік және мәдени ерекшеліктерге байланысты екенін айтты.
«Біз жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткішін нақты жас тобындағы үлеске қарап бағалаймыз. Өңірлер арасындағы айырмашылықтар көбінесе әлеуметтік және мәдени факторларға байланысты», – деді ол.
Сонымен қатар, ол елдегі жалпы туу көрсеткішінің төмендегенін атап өтті. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы туу деңгейі 18,2%-ды құраған. Бұл — алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 10 мыңға аз сәби дүниеге келген.
Халықова мұны 2000-жылдардың басындағы демографиялық дағдарыспен байланыстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда бала туу жасына дәл сол жылдардағы туу көрсеткіші төмен ұрпақ жетіп отыр.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында бедеулікке қатысты да мәліметтер айтылды. Ел бойынша шамамен 29 мың әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. ЭКО (экстракорпоральды ұрықтандыру) әдісі барлық жұптарға қажет емес, әрі көпшілігі мемлекеттік емханаларға жүгінбей, жеке клиникаларда тексерілуді жөн көреді.
«Кейбір адамдар, әсіресе ер азаматтар, жеке клиникаларда жасырын түрде тексеріледі. Сондықтан ресми статистика нақты жағдайды толық қамтымауы мүмкін», – деді Шәкизат Халықова.