Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығында» 18–19 маусым күндері «Көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті» атты республикалық курс ұйымдастырылды. Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өткізді.
Курсқа Қазақстанның 16 өңірінен тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органдардың 25 маманы қатысты. Негізгі мақсат – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін жетілдіру және қоғамдық коммуникацияның сапасын арттыру.

Курстың ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан сөз сөйлеп, қазіргі қоғамда кәсіби маманның біліктілігі оның ойын көпшілікке анық, жүйелі әрі әсерлі жеткізе алуымен де бағаланатынын атап өтті. Оның айтуынша, сөздің анықтығы мен ойдың жүйелілігі тыңдаушының сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Екі күндік оқу бағдарламасы аясында қатысушылар психологиялық дайындық, шешендік өнер, медиа-коммуникация және дауыс қою бағыттары бойынша тәжірибелік сабақтардан өтті.
Бағдарламаның 80 пайызы практикалық жұмыстарға негізделіп, тыңдаушылар жеке және топтық тапсырмалар арқылы көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдірді.
Курс соңында барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды.
