Астанада үш жасар қыздың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 27 қарашадағы тыңдауда анестезиолог дәрігер баланың жағдайы нашарлаған сәтте неге бірден жедел жәрдем шақырмағанын түсіндірді.
Қайғылы жағдай 2024 жылғы 30 қазанда болған. Қыздың әкесі процедураға жалпы наркоз қолданылғанын, бірақ қызының 3,5 сағат бойы оянбағанын айтты. Ал бастапқыда стоматологиялық емдеу үш сағатқа жоспарланған. Сонымен қатар әкесінің айтуынша, дәрігерлер бірден 18 тісті емдемек болған.
Бұл іс бойынша тек анестезиолог жауапқа тартылып отыр. Стоматолог сотқа шақырылмаған. Анестезиологқа ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Ол төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасына кесiлуi мүмкін, сондай-ақ үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылуы ықтимал.
25 қарашада көрсетілген бейнежазбада баланың клиникаға шамамен 9:30-да келгені, ал 13:49-да оны ояту процесі басталғаны анық байқалады. 14:02-де жүрек ырғағындағы күрт өзгеріс пен фибрилляция тіркелген. 27 қарашада ұсынылған видеода 14:05-те анестезиологтың жедел жәрдемге емес, бұрын бірге жұмыс істеген реаниматолог әріптесіне хабарласқаны көрсетілді. Оның сөзінше, бір реаниматолог толыққанды реанимация жүргізе алмайды, сондықтан екінші маман қажет болған. Судья “Неге бірден жедел жәрдем шақырмадыңыз?” деп сұрағанда дәрігер жедел жәрдем бригадасында реаниматолог болмайтынын айтып, олардың тек базалық көмек көрсете алатынын түсіндірді.
14:07-де видеодан дәрігердің дефибрилляторды қолына алғаны көрінеді. Прокурор аппараттың басқа кабинеттен әкелінгенін және ереже бойынша әр бөлмеде болуы тиіс екенін айтты. Кадрлардан құрылғыны түсіріп алғаны, бірақ қолданылмағаны байқалады. Анестезиолог бұған жүрек ритмінің болмауы себеп болғанын жеткізді. Оның айтуынша, жүрек толық тоқтағанда дефибриллятор қолданылмайды, себебі күйік іздері кейін ақау ретінде көрінуі мүмкін.
Судья “Сол сәтте баланы жоғалтатыныңызды түсіндіңіз бе?” деп сұрағанда, дәрігер биологиялық өлім болмағанын, бірақ жүрек тоқтап қалғанын айтты. Видеожазбада клиника администраторының жедел жәрдемге 14:10-да ғана хабарласқаны анықталған. Медициналық бригада 14:16-да келген. 14:34-те анестезиолог ата-анасына жағдайды түсіндірген. Клиника қызметкерлері мен жедел жәрдем мамандары 15:05-ке дейін жүрекке массаж жасап, дәрі-дәрмек енгізіп, жүрек жұмысын қалпына келтіруге тырысқан. Сот-медициналық сараптама клиникалық өлімнің 14:23-те тіркелгенін көрсетті.
Сараптама қорытындысына сәйкес, қыздың өлімі тіндік гипоксиядан басталған. Оттегінің жеткіліксіздігі мидың ауыр ісінуіне әкеліп соққан. Бұл жағдай жалпы наркоз, өкпенің жасанды желдетілуі, екі жақты пневмония және жүрек-тамыр жеткіліксіздігі сияқты факторлардың қосылуымен күрделене түскен.
Сот процесі жалғасып жатыр.
