Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қорға ел инфрақұрылымын дамытуда маңызды міндет жүктелгенін айтты. Оның сөзінше, барлық жауапты мемлекеттік органдар, соның ішінде қор басшылығы мен топ компаниялары күш-жігері мен ресурстарын барынша жұмылдырып, ауқымды жобаларды іске асыруға дереу кірісуі қажет.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, соңғы үш жылда жалпы құны 3,3 триллион теңгені құрайтын 35 жоба аяқталған. Сонымен қатар, дәл осындай көлемдегі инвестицияны қамтитын тағы 16 ірі жобаны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін энергетика және мұнай-газ саласында Алматы ЖЭО-2, Қашағандағы газ өңдеу зауыты, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы мен Павлодар мұнай-химия зауытындағы сутегі өндіру қондырғысы іске қосылады. Көлік саласында «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желілері, сондай-ақ «Достық – Алашанькоу» учаскесіндегі екінші жол құрылысы аяқталады.
Цифрландыру бағытында Каспий теңізінің түбімен өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісі мен Қосшы қаласындағы деректерді өңдеу орталығы пайдалануға беріледі. Қазан айында осы орталықта жаңа суперкомпьютерлік кластер іске қосылып, қордың есептеу қуаты төрт есеге артады. Сонымен бірге қор компанияларында жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Нұрлан Жақыповтың мәліметінше, жыл басынан бері 10 ірі құрылыс жобасы іске қосылған. Атап айтқанда, Атырау облысында бутадиен өндіретін зауыт пен «Полиэтилен» жобасына қажетті инфрақұрылымның құрылысы басталды. Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының «алқабы» іске қосылып, Жамбыл, Павлодар және Қарағанды облыстарында ірі жел электр станцияларының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Семей мен Өскеменде жаңа жылу электр орталықтары салынуда, ал оңтүстік өңірлерде электр энергиясын есептейтін смарт-аспаптар енгізілуде.
2027–2029 жылдары «Самұрық-Қазына» жалпы құны 21 триллион теңгені құрайтын тағы 36 мегажобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Басым бағыттардың қатарында 5G желісін дамыту және жаңа энергетикалық нысандар салу көзделген.
Кеңес қорытындысы бойынша Олжас Бектенов құрылыс мерзімдерін қатаң бақылауды күшейтуді және жобаларды іске асыру барысында қазақстандық тауарлар мен қызметтерге басымдық беруді тапсырды.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» холдингтерінде басқарушы құрамның шамадан тыс көбейгенін сынға алған болатын.
