Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Жаңа заң зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған және бірқатар маңызды шараларды қарастырады.
Заң бойынша:
-
Көру қабілеті бұзылған адамдарға жеңілдік: Енді олар жарияланған шығармаларды авторлардың рұқсатынсыз және сыйақы төлемей-ақ көпшілік алдында орындауға, таратуға және жалпыға жеткізуге мүмкіндік алады.
-
Тауар белгілерін тез тіркеу: Қазіргі кезде тіркеу процесі 7 айға созылса, заң ақылы тіркеу жүйесін енгізу арқылы бұл мерзімді 4 айға дейін қысқартады. Бұл кәсіпкерлерге өз өнімдерін нарыққа жылдам шығаруына жағдай жасайды.
-
Шағымдану мерзімін ұзарту: Тауар белгісін тіркеуге қатысты шағымдану мерзімі 1 айдан 2 айға дейін ұлғайтылды.
-
Авторлық және сабақтас құқықтарды бақылау: Авторлар мен құқық иелерінің шағымдары негізінде әділет органдары жоспардан тыс тексеру жүргізе алады.
-
Ұжымдық құқықтық басқаруда цифрлық платформа: Бірыңғай цифрлық платформа енгізіліп, құқықтық басқару процесі цифрландырылатын болады.
Жаңа заң Қазақстанда зияткерлік меншік саласындағы құқықтарды қорғауды күшейтіп, авторлар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
