«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Тоқтар Төлешовке қатысы бар үй 240 млн теңгеге аукционға шығарылды

Шымкентте бұрынғы кәсіпкер Тоқтар Төлешовке қатысы бар жылжымайтын мүлік 240,2 млн теңге бастапқы бағамен аукционға шығарылды. Нысан Әл-Фараби ауданындағы Желтоқсан көшесінде орналасқан. Сауда 27 тамызда E-qazyna электронды алаңында өтеді. Қатысу үшін 12 млн теңге кепілдік жарна төлеу қажет. Сауда бағаны төмендету тәсілімен жүргізіліп, нысанның бағасы 40 млн теңгеге дейін түсуі мүмкін.

Лотқа жалпы ауданы 314,5 шаршы метр болатын бірнеше құрылыс пен 0,0644 гектар жер телімі кіреді. Негізгі үйдің ауданы – 191,8 шаршы метр. «S&T Капитал» компаниясының бағалауынша, мүліктің нарықтық құны 80,1 млн теңге. Нысанның сатушысы әрі баланс ұстаушысы – «Дархан Group». Ашық деректерде бұл компанияның 2015–2021 жылдары Төлешовке тиесілі болғаны көрсетілген.

Төлешовтің аты бұған дейін адвокаты Ыдырыс Әбішевтің мәлімдемесінен кейін қайта аталған. Қорғау тарапы Қарағанды облысының Абай аудандық сотына қылмыстық заңның кері күшін қолдану туралы өтініш берген. Адвокат кейбір айыптардың кейінгі заңнамаға байланысты жеңілдеу баптарға қайта саралануына негіз бар деп есептейді.

Тоқтар Төлешов 2016 жылы ұсталып, мемлекеттік төңкеріске дайындалу, трансұлттық қылмыстық топ құру және басқа да ауыр қылмыстар бойынша сотталған. Сол жылы оған мүлкін тәркілеумен бірге 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 2017 жылы салық төлеуден жалтару ісі бойынша тағы бес жылға сотталып, мемлекетке 1,4 млрд теңгеден астам қаржы төлеуге міндеттелді.

Төлешов ұсталғаннан кейін оның негізгі активтерінің бірі болған «Шымкентсыра» зауыты да бірнеше рет иесін ауыстырды. 2024 жылы кәсіпкер Тұрсенғали Алагөзов зауытты Тимур Жанабаевтан 8 млрд теңгеге сатып алғанын мәлімдеді. Кейін кәсіпорынды жаңғыртуға шамамен 40 млн доллар инвестиция салынғанын айтты.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда банк картасын басқа біреуге бергендер сотталады

Басына екі оқ тиген сарбаз: Қайсар Сұлтанов ісінде әділдік бар ма?

Парламент реформасы және әйелдер квотасы: инклюзивті саяси жүйе, демократиялық тұрақтылық және азаматтық сананың эволюциясы

Redaktor Shyn-Ar