Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенова 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Алматы қаласының соты хабарлады.
Сот шешімі бойынша Бажкеноваға жазасын өтегеннен кейін 5 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдары, журналистика, блог жүргізу, жария іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызмет салаларында жұмыс істеуге, сондай-ақ БАҚ-қа қатысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Бажкенова Қазақстан Қылмыстық кодексінің:
- 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы — сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету;
- 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы — заңсыз кәсіпкерлік;
- 274-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары — көрінеу жалған ақпарат тарату және ұрлау
баптары бойынша қылмыс жасады деп танылған.
Сот мәліметінше, Бажкенова 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы желтоқсан аралығында «О» ЖШС-нің басшысы болған. Ол қызметтік жағдайын пайдаланып, компания есепшоттарынан 88 млн 144 мың 127 теңгені жымқырған. Бұл қаражат жалған жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтер үшін төлем ретінде оның бақылауындағы жеке кәсіпкердің есепшотына аударылған. Сондай-ақ компания қаражаты есебінен ұлының жекеменшік халықаралық мектептегі оқу ақысы төленген.
Бұдан бөлек, Бажкенова кәсіпкер ретінде тіркелмей, Алматыда пәтерлерді сатып алу-сату арқылы 121,2 млн теңге табыс тапқан. Соттың мәліметінше, бұл кірістен салық төленбеген.
Сонымен қатар, Бажкенова 2024-2025 жылдары ақпараттық-талдамалық порталдың бас редакторы қызметін атқара отырып, бір топ адаммен алдын ала сөз байласқан. Олар интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпаратты 8 эпизод бойынша бірнеше рет таратқан. Сот бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргенін анықтаған.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Бажкенованың 14 жасқа толмаған баласы болуына байланысты жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.
Сонымен бірге сот материалдық залалды өтеу үшін 95 млн 992 мың 350 теңге, 2 млн 879 мың 770 теңге мемлекеттік баж, сондай-ақ жәбірленуші тараптың заң көмегіне ақы төлеу және процестік шығындар ретінде 6 млн 800 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
