Астанадағы 6636 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген 21 жастағы Қайсар Сұлтанов 2023 жылдың 9 қазанында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Ресми мәліметке сәйкес, ол өз-өзіне қол салған деп танылған. Алайда марқұмның анасы Сәуле Тілеубергенова бұл нұсқаға сенбейді – ол ұлын өлтірген деп есептейді және кінәлілердің әлі де әскери қызметте жүргеніне күмәні жоқ.
Қайсардың өліміне қатысты іс алғашында бірнеше рет тоқтатылған. Тергеу органдары «қылмыс құрамы жоқ» деп шешім шығарған. Тек анасының табанды талабынан кейін іс қайта қозғалып, енді Қылмыстық кодекстің 105-бабы – «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша тергеліп жатыр. Бірақ отбасы мен адвокат тергеудің баяу жүріп жатқанын айтады.
Марқұмның анасы сот-медициналық сараптама қорытындысына сүйеніп, ұлының өзіне қол жұмсауы мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысып келеді. Сараптама мәліметінше, Қайсардың басына екі оқ тиген: алғашқысы төменнен жоғары қарай атылып, өлімге әкелген, ал екінші оқ алты минуттан кейін атылған. Сарапшылардың айтуынша, алғашқы жарақаттан кейін ол есін жоғалтып, өздігінен ешқандай әрекет жасауға қауқарсыз болған. Бұл дерек «өз-өзіне қол салу» нұсқасына күмән туғызады.
Бас әскери прокуратура бұл істің қазіргі уақытта Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасында қаралып жатқанын растады. Тергеу аясында жедел іс-шаралар жүргізіліп, сот сараптамалары тағайындалған. Алайда ведомство тергеу құпиясына сілтеме жасап, қосымша ақпарат беруден бас тартты.
Адвокат Инга Иманбайдың сөзінше, істі қайта ашқалы бері үш ай өтсе де, нақты ілгерілеу байқалмайды. Ал Қайсардың отбасы істі «Кісі өлтіру» бабына қайта саралап, оқиғаның барлық қатысушысын жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Жас сарбаздың өліміне бір жыл өтсе де, сұрақ көп, жауап аз. Қайсардың анасы шындық ашылмайынша тоқтамайтынын айтады. Оның жалғыз талабы — ұлының өліміне себеп болғандардың жазасыз қалмауы.
