АҚШ 2024 жылғы президент сайлауында жеңіске жетті деп таныған венесуэлалық оппозиция өкілі Эдмундо Гонсалес өзін Венесуэланың президенті деп жариялап, ел армиясын өзін бас қолбасшы ретінде мойындауға шақырды. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісінде жарияланған бейнеүндеуінде мәлімдеді.
«Бүгін билікті заңсыз иемденген адам енді ел аумағында жоқ және сот алдында жауап береді. 28 шілдеде халық жасаған таңдау толық әрі сөзсіз құрметтелген жағдайда ғана ел шынайы түрде қалыпқа келеді. Бұл жөнінде түрлі саяси және қоғамдық қайраткерлер де бұған дейін айтқан», — деді Эдмундо Гонсалес.
2024 жылғы 28 шілдеде өткен президент сайлауында Вашингтон Гонсалесті ең көп дауыс жинаған кандидат ретінде сайлау жеңімпазы деп танығанымен, Венесуэланың Ұлттық сайлау кеңесі ресми түрде Николас Мадуроның жеңіске жеткенін жариялаған болатын.
Сенбі күні Венесуэланың Жоғарғы соты президент ұсталған жағдайда мемлекет басшысының міндетін вице-президент Делси Родригес атқаруы тиіс деген шешім шығарды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Делси Родригес АҚШ талаптарын орындауы қажет екенін, керісінше болған жағдайда салдары ауыр болатынын ескерткен еді.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Венесуэла астанасы Каракасқа шабуыл жасағаны туралы хабарланған болатын. Кейін Дональд Трамп президент Николас Мадуро мен оның жұбайының ұсталғанын мәлімдеп, оларға есірткі тасымалына қатысы бар деген айып тағылғанын айтқан.
