Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында басты айыпталушы Абзал Шынасыл соттағы соңғы сөзін сөйледі. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтса да, әділ жазаға қарсы емес екенін жеткізді.
«Мен жазадан қорықпаймын. Тек әділ шешім қабылдауыңызды сұраймын. Шерзатты мен өлтірмедім. Бірақ оны дәлелдей алмаймын. Дәлелім жоқ», – деді сотталушы.
Сөз арасында ол әлеуметтік желілерде өзін қаралап жатқанын да атап өтті. Айтуынша, ешқандай ықпалды танысы, билік басында туысы жоқ екенін айтып, өзін қорғауға шамасы келмейтінін жеткізді.
«Ешқандай аға-көкем, әкем жоқ. Жалғыз ғана анам бар. Қазақ халқынан кешірім сұраймын», – деп аяқтады ол соңғы сөзін.