Қазақстанда пәтер жалдау нарығында баға төмендеу үрдісі байқалады. 2026 жылғы қаңтарда 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда бірқатар қалаларда жалдау құны арзандаған.
19 қаланың ішінде жалдау бағасы 7 қалада 1–2%-ға төмендеген. Атап айтқанда, бұл Астана, Алматы, Петропавл, Орал, Қостанай, Өскемен және Шымкент қалаларында тіркелген. Ал Павлодар, Ақтау және Талдықорған қалаларында жалдау бағасы аздап қымбаттаған. Қалған қалаларда айтарлықтай өзгеріс жоқ.
Ел бойынша орташа жалдау мөлшерлемесі шаршы метріне 3417 теңгені құрайды. Ең төменгі көрсеткіш Түркістанда – 2000 теңге/м², ал ең жоғары баға Алматыда – 5833 теңге/м².
Krisha.kz мәліметінше, өңірлерде пәтер жалдау бағасы мегаполистермен салыстырғанда 3–4 есе арзан. Мәселен, Алматы немесе Астанада бір пәтер жалдауға кететін қаражатқа басқа қалаларда бірнеше пәтер жалдауға болады. 1 бөлмелі пәтердің ең арзан құны Таразда – 85 мың теңге, ал ең қымбаты Алматыда – 220 мың теңге.
Қалалар бойынша орташа жалдау бағаларына тоқталсақ, Астанада 1 бөлмелі пәтерді 200 мың теңгеге, 2 бөлмеліні 280 мың теңгеге, 3 бөлмеліні 400 мың теңгеге жалдауға болады. Алматыда бұл көрсеткіштер тиісінше 220 мың, 320 мың және 450 мың теңгені құрайды. Шымкентте 1 бөлмелі пәтер 150 мың теңге, 2 бөлмелі 200 мың теңге, 3 бөлмелі 240 мың теңге шамасында. Орал қаласында 1 бөлмелі пәтердің орташа бағасы 120 мың теңге болса, 2 бөлмелі – 150 мың, 3 бөлмелі – 200 мың теңге. Ал Өскеменде 1 бөлмелі пәтерді 147 500 теңгеге, 2 бөлмеліні 190 мың теңгеге, 3 бөлмеліні 215 мың теңгеге жалға алуға болады.
