«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратҚоғам

Таразда 17 жыл құлдықта болған Құндыздың қол-аяғы байлаулы фотосы тарады

Screenshot

Тараз қаласында 17 жыл бойы құлдықта болған Құндыздың қол-аяғы байлаулы күйде жатқан фотосы әлеуметтік желіде тарады. Бұл сурет журналист Руслан Өтепбайдың жеке поштасына келіп түскен. Аталған жағдайды анықтау үшін журналист Құндыз бен оның сіңлісі Назгүлдің қазіргі заңды қамқоршысы Зүлфия Төленовамен байланысқа шыққан.

Зүлфия Төленованың айтуынша, оқиға ол үйде болмаған кезде болған. Ол Құндыздың Назгүлге қол көтеріп, ауруы қозғанын, сол сәтте үйдегі басқа қыздар байлап қоюы мүмкін екенін жеткізді. «Мен де бұл суретті қазір ғана көріп отырмын. Байлаған мен емес», – деді ол телефон арқылы.

Құндыз бен Назгүл қазіргі таңда Тараз қаласында тұрады. Аға-жеңгесінің қолында 17 жыл бойы қорлық көрген қос қызды эфирге шығарып, қоғам назарына ұсыну арқылы олардың құлдықтан босауына журналист Руслан Өтепбай себепші болған. Содан бері журналист олардың жағдайын бақылап, мүмкіндігінше хабар алып тұратынын айтқан. Заң бойынша, қыздардың қамқоршысы болып 17 баланы тәрбиелеп отырған Зүлфия Төленова тағайындалған.

Құндыздың қол-аяғы байланған фотосын көрген соң Руслан Өтепбай бірден заңды қамқоршыға хабарласқан. Суретте Құндыз Тараздағы үйдің ішінде жерде қолы мен аяғы байлаулы күйде жатқаны көрінеді. Төленованың айтуынша, үйде Таня есімді қыз болған, алайда оның да ерекше күтімді қажет ететінін, дұрыс сөйлей алмайтынын алға тартқан.

Сонымен қатар, Зүлфия Төленова дүйсенбі күні тиісті органдарға арыз жазатынын айтып, болған жағдайға қатты ашулы екенін жеткізді. Ал Руслан Өтепбайдың Таразға бару ниетіне ол «керегі жоқ» деп жауап берген.

Журналист әлеуметтік желіде жариялаған видеосында заңды қамқоршының «мен байлаған жоқпын» деген сөзіне сенбейтінін айтып, Тараз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі мен полиция департаментін бұл іске назар аударуға шақырды.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, бұған дейін де Зүлфия Төленованың тарапынан қыздарға қысым болуы мүмкін екенін айтып келген. Тараған суреттен кейін желіде «психотропты дәрілер беруі мүмкін», «қыздардың жағдайы қайта нашарлап кеткен» деген пікірлер жиі жазылуда.

Бұған дейін Руслан Өтепбай Құндыз бен Назгүлді өз қамқорлығына алуға ниет білдіргенімен, Зүлфия Төленова қарсы болған. Ол қыздарды тек Ілияс Сариевке ғана беретінін айтқан. Алайда кейінірек Ілияс Сариев алаяқтық үшін 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған.

Ұқсас жаңалықтар

МӘМС-ке төлеген ақшаны шешіп алуға бола ма?

Redaktor Shyn-Ar

Шерзат Полат ісі бойынша сотталған Равиль Сакиевтің анасына балағат сөз айтқаны үшін айыппұл салынды

Үкімет тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы заң жобасынан бас тартты