Қазақстанда ақылы автожолдардан түсетін кіріс жыл сайын артып келеді. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың айтуынша, 2025 жылы бұл көрсеткіш 87 млрд теңгені құраған. Ал 2026 жылы түсім көлемін 97–100 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жиналған қаражаттың басым бөлігі жол сапасын жақсартуға бағытталады. Мәселен, қаржының шамамен 30%-ы жолдарды күтіп ұстауға жұмсалады. Бұл қар тазалау, жөндеу жұмыстары, қауіпсіздік шаралары және жол инфрақұрылымын қалыпты жағдайда сақтау қызметтерін қамтиды.
Сонымен қатар қаражаттың шамамен 10%-ы қызмет көрсету жүйелеріне бөлінеді. Оның ішінде жол бойындағы камералар, бақылау жүйелері және қызметкерлердің еңбекақысы бар.
Ал қаражаттың негізгі бөлігі арнайы техниканы жаңартуға бағытталып отыр. Соңғы екі жылда 1200-ден астам арнайы техника сатып алынған. Бұл жолдарды күтіп ұстау сапасын едәуір арттырды.
2026 жылға жоспар бойынша тағы 800-ге жуық арнайы техника сатып алу көзделіп отыр.
