«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратТіл

Ғылым министрлігі латын әліпбиін тағы да мақұлдамады

Қазақстанда латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі әлі күнге дейін ресми түрде бекітілген жоқ. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, әліпби жобасын жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Министрлік жаңа әліпби нұсқасы бұған дейін қоғам талқысына ұсынылғанын, алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша оны жетілдіру қажет екенін хабарлады. Қазіргі уақытта Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының, «Тіл-Қазына» орталығының мамандары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары әліпби және емле ережелерін әзірлеумен айналысуда.

Мамандар «и», «й», «ы» және «і» әріптерінің жазылуына қатысты зерттеулерді жалғастырып жатқандықтан, әліпбиді түпкілікті бекіту мерзімі әзірге анықталмаған.

Министрлік сондай-ақ 2018 жылдан бері латын әліпбиін әзірлеуге жұмсалған бюджет қаражаты туралы нақты мәлімет бермеді. Ведомствоның хабарлауынша, бөлінген қаржының бір бөлігі жұмыс жоспарларының өзгеруіне байланысты мемлекет қазынасына қайтарылған.

Соған қарамастан, 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасында латын әліпбиін қолдану көрсеткіштері белгіленген. Құжатқа сәйкес, латын қарпіндегі қазақ жазуын пайдаланушылардың үлесі 2027 жылы – 5%, 2028 жылы – 10%, ал 2029 жылы – 15% болуы тиіс.

Жақында Түркі академиясы жанындағы Ортақ түркі әліпбиі жөніндегі комиссия қазақ латын әліпбиінің жаңа нұсқасын мақұлдағанын хабарлады. Ұсынылған нұсқада қазақ тіліне тән дыбыстарды белгілеу үшін ä, ï, ö, ü, ğ, ñ және ş таңбаларын қолдану көзделген.

Қазақстанда латын әліпбиіне көшу үдерісі 2017 жылы басталған. Бастапқыда реформаны 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланғанымен, кейін мерзім бірнеше рет кейінге шегерілді. 2021 жылы билік толық көшуді 2031 жылға дейін жүзеге асыру жоспарын жариялаған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Қосылған құн салығының көтерілуіне байланысты ұялы байланыс тарифтері 20%-ға қымбаттайды

Алматы жұртшылығы Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды

Қазақстанда МӘМС жарналарын төлеу және қайтару ережелері жаңартылды