Алматыда жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру және зираттарды күтіп ұстау қағидалары жаңартылмақ. Жаңа құжатта жерлеу орындарын бөлу, кремациядан кейінгі рәсімдер, колумбарийлерді пайдалану және бос орындар туралы ақпаратты жариялау тәртібі нақтыланған.
Қағидаға сәйкес, Алматыда қайтыс болған әрбір тұрғынға және тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарға жерлеу үшін кемінде 6 шаршы метр жер телімі тегін беріледі. Зираттар мен колумбарийлердегі бос және пайдаланылған орындар туралы мәліметтер ресми сайтта және жария кадастрлық картада жарияланып отырады.
Марқұмның күлі урнаға салынып, колумбарийге немесе зираттағы қабірге жерленуі мүмкін. Сондай-ақ туыстарының өтініші бойынша марқұмды бұрын жерленген жұбайының немесе жақын туысының жанына жерлеуге рұқсат етіледі.
Құжатта қолданыстағы және жабылған зираттарда мәйітті қайта жерлеуге шектеу қойылған. Мұндай рәсімге тек ерекше жағдайларда ғана рұқсат беріледі.
Сонымен қатар қабір басына ескерткіштер мен мемориалдық нысандар орнатуға болады, ал қабірді күтіп ұстау міндеті туыстарына жүктеледі. Зират әкімшілігі жерлеу рәсімдері туралы ақпарат беруге, аумақтың тазалығы мен инфрақұрылымының жұмысын қамтамасыз етуге міндетті болады.
