«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлемБасты ақпарат

Талибан университеттерде әйелдер жазған кітаптарды оқытуға тыйым салды

Ауғанстандағы талибан үкіметі жаңа жарлық шығарып, елдегі жоғары оқу орындарында әйелдер жазған еңбектерді оқытуға тыйым салды. Сонымен бірге адам құқықтары мен жыныстық бопсалау тақырыптарына қатысты пәндер де оқу бағдарламасынан алынып тасталды.

Жарлыққа сәйкес, әйелдерге тиесілі 140 еңбек қатарында «Химия зертханасындағы қауіпсіздік» атты ғылыми кітап та бар. Барлығы 680 кітап «шариғат пен жүйе саясатына қайшы» деп танылып, білім беру жүйесінен алынып тасталды.

Сонымен бірге 18 пәнді оқыту тоқтатылды. Оның алтауы тікелей әйелдер тақырыбына қатысты: «Гендер және даму», «Әйелдердің коммуникациядағы рөлі», «Әйелдер социологиясы» және тағы басқалары.

Бұл шешім – талибандар билікке қайта келген соң енгізіліп жатқан шектеулердің жалғасы. Бұған дейін елдің кемінде 10 провинциясында талшықты-оптикалық интернетке тыйым салынған болатын. Әйелдер үшін ең ауыр соққы білім беру саласында байқалып отыр: қыздарға алтыншы сыныптан кейін білім алуға рұқсат жоқ. 2024 жылдың соңында соңғы мүмкіндік саналатын акушерлік курстар да жабылған еді.

Бұрынғы әділет вице-министрі, тыйым салынған кітап авторларының бірі Закия Адели бұл шешімге таңғалмағанын айтты.
– Соңғы төрт жылдағы талибандар саясатын ескерсек, мұндай өзгерістер күтпеген жағдай емес. Әйелдерге оқуға тыйым салынған жерде олардың ойлары мен еңбектеріне де орын жоқ, – деді ол.

Сонымен бірге Иран авторлары мен Иранда жарық көрген еңбектерге де тыйым салынды. Жаңа тізімдегі 679 кітаптың 310-ы – ирандық жазушылар мен аудармашыларға тиесілі. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім Ауғанстан университеттерін әлемдік ғылыми қауымдастықтан оқшаулап, жоғары білім саласында үлкен олқылыққа әкеледі.

– Ирандық еңбектер біздің университеттерді халықаралық академиялық ортаға жалғап тұрған негізгі көпір еді. Оларды алып тастау – білім саласында орны толмас олқылық туғызады, – деп түсіндірді Кабул университетінің профессоры.

Жаңа ереже тамыз айының соңында күшіне енген. Талибан билігі әзірге бұл шешімге байланысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Ұқсас жаңалықтар

Қосылған құн салығының көтерілуіне байланысты ұялы байланыс тарифтері 20%-ға қымбаттайды

Тоқаев Тамара Дүйсенова мен Қанат Шарлапаевты қызметінен босатты

Redaktor Shyn-Ar

Сәуір айында тарифтер өсіп, мобильді төлемдер бақылауға алынады