«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратБілімҒылым

Қазақстанда түрік университеттерінің филиалдары ашылады

Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас тек саяси-экономикалық мүдделермен шектелмейді. Екі елді ортақ тарихи тамыр, рухани сабақтастық және мәдени жақындық байланыстырады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде түрік университеттерінің филиалдары ашылатынын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, мәдени-гуманитарлық сала – қазақ-түрік қатынастарының маңызды тіректерінің бірі, ал білім мен ғылым – осы ынтымақтастықты нығайтатын алтын көпір.

Бүгінде 12 мыңнан астам қазақстандық студент Түркияда білім алуда. Сонымен қатар, Қазақстанда 300-ге жуық түрік студенті оқып жатыр. Бұл көрсеткіштер екі ел арасындағы сенімді әріптестік пен жас ұрпаққа бағытталған стратегиялық серіктестіктің нақты дәлелі екені сөзсіз.

– Осындай игі бастамаларға қолдау көрсеткен Түркия Президенті мен Үкіметіне шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында орналасқан Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, бұл оқу орны – қос халықтың рухани үндестігін бейнелейтін символдық білім ордасы.

Сондай-ақ Президент Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан Түркияның беделді жоғары оқу орындарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылатынын хабарлады. Бұл – екі ел арасындағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі.

Білім беру кеңістігін кеңейту бағытында нақты қадамдар қолға алынуда. Атап айтқанда, Түркияның «Маариф» қорының екі мектебін Қазақстанда ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, өткен жылы қол қойылған келісімге сәйкес, Астана медицина университетінің базасында Медипол Ыстанбұл университетінің филиалын ашу жоспарда тұр.

– Бұл – стратегиялық маңызы бар шешім. Біз Түркияның жетекші клиникаларында еліміздің медицина қызметкерлерін оқыту және олардың біліктілігін арттыру мәселелері бойынша да уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Президент.

Мемлекет басшысы білім мен ғылымды дамытудың тек маман даярлау ғана емес, елдің болашағын қалыптастыру жолындағы маңызды міндет екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Түркия арасындағы гуманитарлық әріптестік – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі келешектің де берік іргетасы.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда Наурызға байланысты кей көшелер жабылады

В Казахстане появится новый автомобильне нормера

Алматыда мопед иелері жазаланып жатыр