«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҚоғам

Qaznews24 парақшасы жабылды: Темірлан Еңсебекке қатысты іс жалғасуда

Темірлан Еңсебек

Qaznews24 сатиралық парақшасы жабылды: Редакция қысым мен тергеулерге байланысты шешім қабылдаған

14 тамыз, 2025 — Қазақстандағы танымал сатиралық жоба — Qaznews24 парақшасы өз жұмысын тоқтатты. Бұл туралы жобаның редакциясы әлеуметтік желі арқылы хабарлады.

Мәлімдемеде агенттік мүшелерінің туыстарына құқық қорғау органдары тарапынан қысым жасалып жатқаны және жаңа тергеу амалдарының басталғаны айтылған. Осы жағдайларға байланысты жоба ұжымы парақшаны жабу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Құқық қорғау органдары тарапынан редакция мүшелерінің туыстарына қысым жасалып, жаңа тергеу тексерістері басталғанына байланысты агенттігімізді жабу туралы шешім қабылдадық. Қазіргі жағдайда біз өз жұмысымызды жалғастырып, Конституцияда кепілдік берілген сөз бостандығы мен шығармашылық құқығымызды жүзеге асыра алмаймыз», – делінген Qaznews24 жариялаған жазбада.

«Біз ешқандай грант алған жоқпыз»

Редакция өкілдері әлеуметтік желілерде тараған «шетелдік грант алды» деген ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, жоба тек жарнама мен оқырмандардың қолдауына сүйенген.

«Грант алып отырды деген ақпараттарға сенбеңіздер. Qaznews24 жұмыс істеген бүкіл кезеңде жарнама берушілер мен жазылушылардың донаттарынан басқа ешкімнен бір тиын да алған жоқ. Біз қалаған жалғыз нәрсе – саяси сатираның елімізде өмір сүруге құқығы бар екенін көрсету ғана еді», – деп жазды авторлар.

Еске салсақ, 2025 жылдың 17 қаңтарында Qaznews24 жобасының негізін қалаушылардың бірі, белсенді Темірлан Еңсебек ұсталды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы — «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» бойынша іс қозғалған.

Полиция департаменті Еңсебекке “ұлтаралық алауыздықты қоздыратын айқын белгілері бар материалды орналастырды” деген айып таққанын мәлімдеген.

Айта кетейік, Qaznews24 мәліметі бойынша, Темірлан Еңсебек аталған жобадан ресми түрде кеткен.

Ұқсас жаңалықтар

71 млн доллар тұратын тарихи зәулім сарай Құлыбаевқа тиесілі — Deutsche Welle

Ыстықкөлдегі төрт нысан Қазақстанның меншігінде қалады

Блогер Мирболат Мырзатайұлы төрт жылға сотталды