Украина үкіметінің өкілдері 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатына және ресми іс-шараларына қатыспайтын болды. Бұл шешім ресейлік және беларусьтік спортшыларға ұлттық туларымен жарысқа қатысуға рұқсат берілуіне жауап ретінде қабылданған.
Саяси бойкот туралы 18 ақпанда Украина спорт министрі Матвий Бедный әлеуметтік желіде мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйымдастырушылардың мұндай шешімі «көңілге қаяу түсіреді». Министр Ресей мен Беларусь спортшыларына мемлекеттік рәміздерімен қатысуға рұқсат беру дұрыс емес екенін атап өтті.
Өз кезегінде Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига X желісінде жариялаған жазбасында ұлттық тулар мен гимндер агрессия жүргізіп отырған мемлекеттердің символы екенін айтты. Ол сондай-ақ Украина елшілеріне өздері қызмет ететін елдердің ресми тұлғаларымен келіссөз жүргізіп, егер шешім өзгермесе, 6 наурыздағы ашылу салтанатына бармауға шақыруды тапсырғанын жеткізді.
Бұған дейін Халықаралық паралимпиада комитеті алты ресейлік және төрт беларусь спортшысына өз елдерінің туымен жарысқа қатысуға рұқсат бергенін хабарлаған. Бұл шешім 2022 жылдың ақпанында Украинадағы соғыс басталғалы бері алғаш рет қабылданып отыр.
Рұқсат өткен жылдың қыркүйегінде қабылданған қарарға негізделген. Аталған құжат Ресейге салынған шеттетуді алып тастап, Солтүстік Италияда өтетін ойындарға ұлттық рәміздерімен қатысуға мүмкіндік берген.
Қысқы Паралимпиада ойындары 6–15 наурыз аралығында Милан, Кортина-д’Ампеццо және Валь-ди-Фьемме қалаларында өтеді. Айта кетейік, Ресей мен Беларусь 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Паралимпиададан кейін жарыстардан шеттетілген болатын. Қазіргі уақытта Италияда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бұл елдердің спортшылары бейтарап мәртебеде, мемлекеттік рәміздерсіз қатысып жатыр.
