Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» форумында білім мен ғылымның шекарасыз, стратегиялық маңызды сала екенін атап, жиынның жаһандық білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесін айтты. Форумға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдар қатысып, пікір алмасуда. Президенттің пікірінше, университет – жаңа идеялар мен ғылыми ізденістің орталығы, ал білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын негізгі күш.
Қазақстан білім мен ғылымға ерекше көңіл бөліп отыр: 2019 жылдан бері қаржы үш есе ұлғайған, жоғары оқу орындарының дербестігі артқан, зерттеу университеттері көбейген. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданып, Президент жанынан Ұлттық кеңес құрылды. Жас зерттеушілерге қолдау көрсетіліп, жоғары білім баршаға қолжетімді болып келеді.
Президент 2024 жылдан бастап іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» жинақтау жүйелерін атап өтті. Бұл жобалар балаларға білім мен болашаққа қаржылай қолдау жасауға бағытталған. Сонымен қатар жастарға пайызсыз білім несиелері, гранттар беріледі, жаңа оқу ғимараттары мен жатақханалар салынуда.
Қазақстан университеттерінің халықаралық рейтингтегі көрсеткіші жақсарған. QS рейтингісі президенті Нунцио Квакварелли Қазақстан университеттерінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. 5 университет Times Higher Education әлемдік тізіміне енді.
Білім-ғылымға салынған инвестициялар экономиканы жаңғырту, жаңа өндіріс салаларын дамыту, жасанды интеллектті енгізу және цифрлық мемлекетті қалыптастыруға бағытталған. ЖИ 2030 жылға қарай әлемдік ІЖӨ-ні 15 триллион доллардан астам арттырады. Қазақстанда ЖИ дамыту стратегиялық басымдыққа ие: AI Sana бағдарламасы аясында 540 мыңнан астам студент оқыған, ЖИ барлық мектеп пен университетке міндетті курс ретінде енгізілуде, Жасанды интеллект университетін ашуға дайындық жүргізілуде.
