«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратБілімҚоғам

Ата-аналарға балалардың мектепте телефон қолданғаны үшін айыппұл салынуы мүмкін

Қазақстанда жаңа ережеге сәйкес, оқушылар сабақ кезінде телефон пайдаланса, олардың ата-аналарына 20 мың теңгеге дейін айыппұл салынбақ. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – балалардың оқу процесіне толықтай көңіл бөлуін қамтамасыз ету.

Сарапшылардың пікірінше, телефон қоңыраулары мен хабарламалардан алаңдамайтын оқушылардың үлгерімі жақсарып, сыныптағы тәртіп арта түседі.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, мұғалімдер жиі осындай жағдайларға тап болады.

“Мұғалім сабақ басталар алдында барлық оқушыларға телефондарын сөндіруді сұрайды. Алайда кейбір балалар ‘ата-анам телефонды сөндіруге рұқсат етпейді, үнемі қосулы тұруы керек’ деп жауап береді. Ал оқу – күрделі үдеріс, ол толықтай зейін мен тәртіпті талап етеді,” – дейді депутат.

Жаңа ереже бойынша, бірінші рет ереже бұзған оқушыға тек ескерту беріледі. Егер жағдай қайталанса, ата-анасына 5 АЕК (шамамен 19,500 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Айыппұлды мектеп әкімшілігінің шақыруымен келген полиция қызметкері рәсімдей алады.

А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Феруза Мирзарахимованың айтуынша, бұл шара оқушылардың сабаққа деген зейінін арттыруға көмектеседі.

“Балалар кейде тек уақытқа қарамақ болып, кейін түрлі қосымшаларға кіріп кетеді. Сондықтан бұл – қазіргі уақытта қажет шара,” – дейді ол.

Көптеген ата-аналар да бұл бастаманы қолдап отыр. Олардың айтуынша, телефон баланың сабаққа деген назарын жиі бөледі.

“Мен балама телефон ұстауға рұқсат етемін, себебі сабақтан кейін қосымша үйірмелері бар, байланыс қажет. Бірақ мектепте телефондарды жинап алады: сынып жетекшісі бірінші сабақта жинап, соңында қайта береді. Қажет болса, мен мұғалімге жазамын, ол балама жеткізеді,” – дейді ата-ана Гүлжамал Сопбекова.

Жаңа ереже әзірге талқылану кезеңінде. Оның мақсаты – оқу процесінің сапасын арттыру және оқушылардың зейінін оқу барысында сақтау.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығына орай монеталар шығады

Redaktor Shyn-Ar

Таяу Шығыс бағытындағы рейстер тоқтатылды: Қазақстандықтар қалай қайтарылады?

Араб инвесторлары Қазақстанның технология саласына 250 млн доллар инвестиция салмақ

Redaktor Shyn-Ar