Апелляциялық сот мүгедектігі бар ер адамды он жыл бойы қинап, Қарағандының орталығындағы аялдамада қайыр сұрауға мәжбүрлегендер ісін қайта қарады. Биыл мамырда алғашқы инстанция төрт айыпталушыны ер адам мен оның жанындағы әйелді қайыр сұрауға мәжбүрлеу, қылмыстық топ құру және оған қатысу баптары бойынша кінәлі деп таныған еді.
Сол кезде басты айыпталушы 17 жылға сотталып, оның сыбайластарына 12 жылдан жаза тағайындалған. Үш айыпталушының кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, жазасы жеңілдетілген. Ал басты фигурант үшін қылмысты қайта жасау ауырлататын мән-жай ретінде есептелген.
Алайда Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы істі қайта қарап, “Қылмыстық топ құру және оған қатысу” бабы бойынша төрт адамды да ақтады. Соттың айтуынша, бұл айыпты дәлелдейтін материалдар жеткіліксіз.
Нәтижесінде негізгі айыпталушының жазасы 17 жылдан 11 жылға қысқартылды, ал қалған үш адамға 12 жылдың орнына 6 жылдан жаза тағайындалды.
Сот алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетовтің айтуынша, тергеу топтың нақты құрылымы мен рөлдердің бөлінгенін дәлелдей алмаған. Бұл — ұйымдасқан қылмыстық топты тану үшін қажетті негізгі белгілер. Сондай-ақ жаңа туған нәрестені күшпен тартып алу фактісі расталмаған: апелляция соты баланың өз еркімен берілгенін анықтаған. Осы себепті Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша айыптау құрамы жоқ деп танылды.
Сонымен қатар жәбірленушілерді қанау фактісі дәлелденгені айтылды.
“Басты айыпталушы шынымен де ер адамды күн сайын таңғы 08:00-ден кешкі 18:00-ге дейін “45-квартал” аялдамасына барып қайыр сұрауға мәжбүрлеген және барлық табысын тартып отырған. Ол қамауға алынғаннан кейін ақша жинау жұмысын істің басқа қатысушылары жалғастырған. Ал олар тарапынан күш көрсету дәлелденбеді. Жедел іс-шаралардың жазбаларында қорқытулар тек негізгі айыпталушыдан шыққаны анық байқалады”, — деді судья Нұрмағамбетов.
Бұған дейін хабарланғандай, қылмыстық топ өз құрбандарын пайдалану арқылы жылына 10 миллион теңгеге дейін табыс тапқан. 41 жастағы ер адам азаматтық некедегі әйелімен бірге еңбек құлдығында өмір сүрген. Әйелі күйеуін “қожайынның” бұйрығымен қала орталығына апарып отырған, ал ер адам күн сайын 20–40 мың теңге аралығында қайыр сұрап табыс түсірген.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар ер адамды ұрып-соғып, қорқытып, ауа райына қарамастан жыл бойы көшеде отыруға мәжбүрлеген. Жиналған ақшаны “қожайын” өз қажеттілігіне жұмсап отырған.
Тергеу деректеріне қарағанда, қылмыскерлер мүгедектігі бар ер адамды ішімдікке үйретіп, 2020 жылдан бастап оның азаматтық некедегі әйелінен туған сәбиді де бопсалау құралы ретінде пайдаланған. Ұйымдастырушы нәрестені тартып алып, өз қарындасына тәрбиелеуге берген. Бала сол үйде төрт жасқа дейін өсіп жүрген.
