«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСаясат

Тоқаев Қариннің лауазымын қысқартып, Вице-президент институтын енгізуді ұсынды

«Халық арасында “әр нәрсенің өз уақыты бар” деген сөз бекер айтылмаған. Менің ойымша, дәл сондай уақыт келді. Сондықтан бүгін Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында жаңа әрі маңызды ұсынысымды айтқым келеді. Бұл бастама соңғы бірнеше жыл бойы жүйелі түрде қалыптастырып келген бүкіл саяси құрылымды табиғи түрде түйіндейді. Әңгіме Қазақстан Республикасында Вице-президент институтын құру және оны Конституцияда тиісті түрде бекіту туралы болып отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Вице-президент Парламенттің келісімімен, қарапайым көпшілік дауыспен тағайындалады. Оның өкілеттіктер аясын Мемлекет басшысы айқындайды.

Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:

– Қазақстан Республикасының мүддесін халықаралық форумдарда және шет мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздерде таныстырады;

– Президенттің Парламенттегі өкілі болады;

– Отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

– Мемлекет басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

«Вице-президенттің қызметтік өкілеттіктеріне қатысты осы негізгі қағидаларды Конституция мәтінінде де көрсету қажет. Қолданыстағы Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылымдардың бір бөлігі, сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады», – деді Президент Құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Осы тұста Мемлекет басшысы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге бұрылып, әзіл-шыны аралас «I’m really sorry» деп кешірім сұрады. Бұл сөз Құрылтайға жиналғандарды күлкіге қарық қылды.

Президент Әкімшілігінің функциялары, құрылымы және басқару жүйесі практикалық қажеттілікке сай реформаланатынын атап өтті. Оның айтуынша, Вице-президент лауазымы бірқатар мемлекеттерде бар тәжірибе. Қазақстанда бұл институтты енгізу мемлекеттік басқару үдерісін тұрақтандырып, билік иерархиясына түпкілікті айқындық енгізеді.

Тоқаев бұл өзгеріс президенттік биліктің әлсіреуін білдірмейтінін қадап айтты. Керісінше, Президент институты мемлекеттік жүйедегі жетекші рөлін сақтайды. Қазақстан президенттік республика ретінде табысты дами береді.

«Өзін толық ақтаған бұл саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе де дәл осы таңдаудың дұрыстығын айқын дәлелдеп отыр», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Ұқсас жаңалықтар

Министр коммуналдық қызметтің неге қымбаттап жатқанын түсіндірді

Redaktor Shyn-Ar

Англияға жұмысқа жібереміз деген алаяқтар 300-ге жуық қазақстандықты алдаған

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары минусқа кетті: БЖЗҚ себептерін атады

Redaktor Shyn-Ar