Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізу тәртібіне қатысты маңызды ұсыныс білдірді.
Президент кәсіби заңгерлердің Конституция мәтініне байланысты пікірлер айтқанын және Ата заңның кейбір нормаларын нақтылау қажеттігіне назар аударғанын атап өтті. Соның ішінде Мемлекет басшысын сайлау мәселесіне ерекше мән берілген.
Қазіргі Конституцияға сәйкес, Президент өз міндетін атқара алмайтын жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына өтеді. Ал Сенат төрағасы мемлекетті басқаруға қабілетсіз болса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сай өзге лауазымды тұлғаларға беріледі.
Осы тұста негізгі мәселе «қалған мерзім» ұғымына тіреледі. Себебі бұл мерзім 6 ай да, тіпті 6 жыл да болуы мүмкін. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Президент мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда, екі ай ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өткізілуі тиіс деген норманы Конституцияда нақты бекіту қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай қадам халықаралық озық тәжірибеге толық сай келеді. Елдің кез келген басшысы билікке тек сайлау арқылы, яғни заңды жолмен келуі тиіс.
«Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Аталған норма алдағы уақытта да барлық келесі мемлекет басшылары үшін өзгермейтін қағида болуы керек», – деді Президент.
