«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратәскер

«Күн сайын ақша сұрап хабарласқан» – Өскеменде қаза тапқан сарбаздың жақындары әділдік іздеп отыр

Өскеменде қаза тапқан сарбаз Қазыбек Оспановтың туыстары оның өзіне қол салғанына сенбейді. Түркістан облысынан әскерге кеткен 20 жастағы жігіт туған үйіне табытпен оралды. Қайғыдан қан жұтқан анасы ұлының әскерде жүргенде күн сайын ақша сұрап хабарласқанын айтып отыр. Марқұмның жақындары оның қысым көргеніне және ажалына сол себеп болғанына күмән келтіреді.

Оспановтар әулеті үш күннен бері қара жамылып отыр. Бар болғаны үш айдан кейін елге оралады деп күткен ұлдарының өлімі отбасына ауыр соққы болды. Анасы баласының өзін-өзі атып өлтірді деген ресми мәлімдемені қабылдай алмай отыр.

Марқұмның анасы Майраның айтуынша, Қазыбек әскерге барғаннан кейін таныстарынан, сыныптастарынан және бұрын бірге жұмыс істеген адамдардан ақша сұраған. Қарыздың бәрін әскерден келген соң қайтаратынын айтқан.

«Балам қатты қиналған. Бірақ маған ештеңе айтпады. Менің жағдайымды ойлаған ғой. Күн сайын қоңырау шалып, ақша сұрапты. Бұл – қысым көргенінің белгісі», – дейді анасы.

Жақындарының сөзінше, Қазыбек әскерге өз еркімен бармаған. Көзі нашар көретін жігіттің медициналық диагнозы болған. Соған қарамастан, былтыр қыркүйек айында мәжбүрлі түрде әскерге алып кеткен. Жарты жолда денсаулығына байланысты үйіне қайтарылғанымен, биыл сәуір айында күзетші болып жұмыс істеп жүрген жерінен қайтадан әскерге жіберілген.

Ал Қорғаныс министрлігі марқұмның әскерге өзі сұранып барғанын мәлімдеді.

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Арынғали Ақышевтің айтуынша, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Әскери қызметші өткен жылы сәуір айында шақырылған. Қазіргі таңда ҚР ІІМ өңірлік тергеу басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу барысы әскери прокуратураның бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды», – деді ол.

Марқұмның туыстары өлімге қатысты күмәнді жайттардың көп екенін айтады. Қарауыл қызметі кезінде бейнебақылау камерасы жұмыс істегенімен, оқ атылған сәт жазбада жоқ. Сонымен қатар, сот-медициналық сараптамада «бас ми жарақатынан қайтыс болды» деп көрсетілгенімен, құжатта тиісті мөр қойылмаған.

Қара жамылған отбасы осы жайттардың барлығы Қазыбектің өлімінде ашылмаған сұрақтар көп екенін көрсетеді деп отыр.

Ұқсас жаңалықтар

«Екі адамды жұмысқа алғаны үшін сотталды»: Ұлттық аккредиттеу орталығының экс-басшысына үкім шықты

Министрлік Трамптың баж салығы туралы хатына түсініктеме берді

Екібастұз Қазақстанның моноқалалар тізімінен шығарылды