«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясат

Тоқаев: «Сауатсыз әрі жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сауатсыз, ашкөз және жемқорлыққа бейім адамдарды патриот деуге болмайтынын айтты. Президент бұл туралы қаржылық барлау органдары қызметкерлеріне арналған жиында мәлімдеді.

«Мен Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздыққа негізделген отаншылдықты талап етемін. Мұндай қасиетке ие адам жемқорлықтан, ашкөздіктен және сауатсыздықтан ада болуы тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды. Әрине, ол өзін патриот санауы, ұрандап сөйлеуі мүмкін. Бірақ ондай адам шын мәнінде патриот емес, мұны жұрттың бәрі біледі», – деді Президент.

Мемлекет басшысы отаншылдық ұғымын дұрыс түсінудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе бұған дейін Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында да көтерілген.

«Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұны қаралып жатыр. Осы өзгерістер аясында патриотизм ұғымын нақтылап, жауапкершілікке және жасампаздыққа негізделген отаншылдықты айқындауға болады деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, нағыз патриот қай салада жұмыс істесе де – Қаржылық мониторинг агенттігінде, мемлекеттік кәсіпорында, жеке бизнесте, университетте немесе мектепте болсын – адал еңбек етуі тиіс.

«Әр адам өз міндетін сапалы орындаса, оны патриот деп санауға болады», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға кедергі келтірмеуі керектігін ескертті. Оның айтуынша, бюджет қаражатының уақтылы игерілуіне, ақпараттық және коммерциялық қауіпсіздікке, сондай-ақ жеке деректерді қорғауға ерекше назар аудару қажет.

Ұқсас жаңалықтар

Атыраулықтардың денсаулығы сыр беріп жатыр: Мұнай өңдеу зауыты түсініктеме берді

Ақтау маңындағы ұшақ апаты: БАҚ ресейлік әскеридің соққы туралы түсініктемесін жариялады

Тоқаев Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңесті басқарады