«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратЭкология

Каспийді сақтауға 1,1 миллиард теңге бөлінді

Үкімет Каспий теңізін зерттеу мен сақтау жұмыстарына 1,1 миллиард теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойған.

Құжат Мемлекет басшысының Каспийді кешенді зерделеу, теңізді сақтау және өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында қабылданды. Үкімет резервінен бөлінген қаражат Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты АҚ-ға бағытталады.

Үкіметтің хабарлауынша, қаржыландыру институттың ғылыми әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, теңізде мониторинг жүргізуге арналған негізгі жабдықтар сатып алынып, гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханалар заманауи құралдармен жарақтандырылады. Бұл Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы үдерістер бойынша ғылыми негізделген деректер базасын қалыптастыруға жол ашады.

Қазіргі уақытта институт халықаралық ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастықты кеңейтіп, Каспий маңы елдерінің университеттері мен зерттеу орталықтары қауымдастығына мүше болған.

Қаулыны іске асыру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне тиісті шараларды қабылдау, ал Қаржы министрлігіне бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қатаң бақылау тапсырылды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда 11 миллион гектар жер халық игілігіне қайтарылды

Менің Ресейге түк қатысым жоқ, бұл – маған деген құрметсіздік — Шайдоров

Айбек Смадияров Президент Әкімшілігінде жаңа қызметке тағайындалды