Алматыға алғаш келген сәт — көп студент үшін жаңа өмірдің бастамасы. Үлкен қала, қарбалас тіршілік, шулы көшелер — бәрі бірден баурап алады. Бірақ бұл өмір тек қызыққа толы емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік пен қаржылық жоспарлауды талап етеді.
Аружан — Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын 2-курс студенті. Ол қалаға алғаш келген күнін әлі күнге дейін ұмытқан емес.
— Вокзалдан түскен сәтім әлі есімде. Қала көшелерінің шулығы, адамдардың көптігі, көліктердің үні — бәрі жаңа өмірдің бастамасы сияқты көрінді. Бірде нөсер жаңбыр жауып, көліктер көтерген шаң аралас су мені әбден абдыратып жіберген еді, — деп еске алады ол.
Студенттің басты мәселесі — баспана
Алматыдағы студенттердің ең өзекті мәселелерінің бірі — тұрғын үй. Қаладағы оқу орындарына қарасты жатақханалар саны шектеулі болғандықтан, барлық студентке орын жете бермейді.
Аружан да жатақханаға түсе алмай, төрт құрбысымен бірге пәтер жалдауға мәжбүр болған.
Бүгінде Алматыда пәтер жалдау ақысы айына шамамен 150 000–350 000 теңге аралығында. Бұған коммуналдық төлемдер тағы қосылады. Ал жатақхана әлдеқайда арзан — 30 000–60 000 теңге, бірақ онда бірнеше студент бір бөлмеде тұрады және жеке кеңістік шектеулі.
— Жеке орным болғаны жақсы, бірақ ай сайын пәтерге көп ақша кетеді. Кейде ойлаймын, неге студенттік өмірді жатақханадан бастамадым екен деп, — дейді Аружан күліп.
Күнделікті шығын — студенттің басты сынағы
Тұрғын үйден бөлек, студенттің күнделікті шығындары да аз емес. Орта есеппен тамаққа айына 50 000–80 000 теңге, қоғамдық көлікке 10 000–15 000 теңге, ал интернет пен байланысқа 5 000–10 000 теңге жұмсалады.
1-курс студенті Данияр да бұл жағдайды жақсы түсінеді.
— Мен жатақханада тұрамын, бірақ тамақ, интернет — бәрі ақша. Кейде достармен қыдыру қосымша шығын болып кетеді. Бірде таксиді көп пайдаланып, аптаның соңында ақшам жетпей қалғаны бар. Сол уақыттан бастап бюджетімді мұқият жоспарлай бастадым, — дейді ол.
Қосымша жұмыс — тәуелсіздікке бастар жол
Қаржылық қиындықтарды жеңу үшін көптеген студент қосымша жұмыс істеуге тырысады. Бірі даяшы болса, енді бірі онлайн қызмет көрсетеді немесе фриланс жобалармен айналысады.
Аружан да бос уақытында онлайн сабақ беріп, кейде фриланс жобалар қабылдайды.
Бұл оған тек табыс табуға ғана емес, уақытты дұрыс жоспарлауға және қаржылық тәуелсіздікке үйренуге көмектеседі.
Мамандардың айтуынша, Алматыда студенттің бір айлық шығыны орта есеппен 400 000–450 000 теңгені құрайды. Бұл сомаға тұрғын үй, тамақ, көлік, оқу құралдары және жеке қажеттіліктер кіреді. Сондықтан көп студент қосымша табыс көзін табуға мәжбүр.
Қала өмірі — жаңа тәжірибе мектебі
Қарбалас тіршілікке қарамастан, студенттік өмірдің өз қызығы бар. Кешкі уақытта Аружан достарымен қала көшелерін аралап, кофеханаларға соғады, кейде кітап дүкендеріне кіріп, жаңа оқу құралдарын қарайды.
Ол Алматыдағы ең әдемі сәттердің бірі — биік ғимараттардың арасынан көрінетін күн батуы екенін айтады.
— Бірде достарыммен қалада қыдырып жүріп, күннің батқанына қарап ұзақ тұрдық. Сол сәтте студенттік өмірдің қиындығы да, қызығы да қатар жүретінін түсіндім, — дейді ол.
Студенттік өмір — жауапкершілік мектебі
Алматыдағы студенттік өмір — қызықты әрі күрделі кезең. Жатақхана немесе пәтер таңдау, тамақ, көлік, интернет — бәрі қаржылық жоспарлауды талап етеді. Сондықтан көптеген студент қосымша табыс тауып, шығындарын теңестіруге тырысады.
Сонымен бірге бұл кезең — тек білім алатын уақыт қана емес. Бұл — тәуелсіздікке үйренудің, өмірлік дағдыларды қалыптастырудың және жауапкершілікті сезінудің алғашқы баспалдағы.
Әсел Сайлаубекова
