Кринж, краш, рофл, жиза — бүгінгі жастардың сөздік қорында жиі естілетін тіркестер. Әлеуметтік желі дәуірінде мұндай сөздер күнделікті тілдің бір бөлігіне айналып үлгерді. Бірақ бұл құбылысты қалай бағалауға болады: тіл дамуы ма, әлде тілдің шұбарлануы ма?
Қазіргі жастар қолданатын жаңа сөздердің басым бөлігі ағылшын және орыс тілдерінен енген. Мәселен, жастар «cringe» деп ыңғайсыз немесе ұятты жағдайды сипаттаса, «crush» сөзі ұнатқан адамды білдіреді. Ал «рофл» — күлкілі жағдайды, «жиза» — «дәл менің өмірім» деген мағынаны жеткізеді. Бұған қоса «скуф», «скип» сияқты сөздер де жастар арасында кең таралған.
Бұл құбылыстың артында — әлеуметтік желі. Әсіресе TikTok, Instagram, Telegram платформаларында тараған жаңа сөз санаулы күннің ішінде мыңдаған жасқа жетеді. Блогерлердің тілі мен контенті жастардың сөйлеу мәнеріне ықпал етіп, жаңа тілдік нормалардың қалыптасуына әсер етуде.
Мамандар не дейді?
Тіл білімінде «жаргон» және «сленг» деген ұғымдар бар. Олар — белгілі бір ортада ғана қолданылатын сөздер. Әдетте мұндай сөздерді жастар жиі пайдаланады. Бірақ бұл құбылыс қазақ тілінің сөздік қорына қажет пе, әлде керісінше кедергі ме?
Бұл сұраққа жауап алу үшін біз филолог ғалым Нұргүл Сәлімоваға жүгіндік.
Ғалымның айтуынша, қазіргі тіл білімінде жаргон мен сленг өзара синонимдес ұғымдар ретінде қарастырылады. Дегенмен олардың өзіндік ерекшеліктері бар.
— Әр буынның өз жаргоны болады, бұл — қалыпты құбылыс. Жаргон сөздер алғаш рет 1750 жылдары көше тілі ретінде тіркелген. Уақыт өте келе олардың кейбірі әдеби тілге де енді. Мысалы, «шпаргалка» сөзі бір кездері жаргон болған, — дейді маман.
Ал сленг термині XVIII ғасырда жұмысшылар арасында пайда болған. Ол көбіне әлеуметтік сипатқа ие болған және кейбір ақпаратты өзгелерден жасыру үшін қолданылған.
Жаргон мен сленгтің айырмашылығы да бар. Жаргон сөздердің өмір сүру ұзақтығы әдетте ұзақ болады, ал сленг жиі жаңарып, кейде тез қолданыстан шығып кетеді. Жаргон сөздерде эмоциялық реңк, мысқыл немесе кекету басым келеді. Мысалы, «құлақтан тебу» — өтірік айту, «тізесі шығып кеткен» — ескірген деген мағынаны білдіреді. Ал сленг көбіне қысқартылған бейтарап сөздерден тұрады: «общага» — жатақхана, «инет» — интернет, «универ» — жоғары оқу орны.
Жастар не ойлайды?
Жастардың өз пікірін білмейінше, бұл құбылысты толық түсіну мүмкін емес.
Аружан, 16 жаста:
— Біз «жиза», «кринж», «краш» сияқты сөздерді күнделікті сөйлескенде қолданамыз. Бұл сөздер қысқа әрі эмоцияны дәл жеткізеді. Мысалы, бір ыңғайсыз жағдай болса, «кринж» деп бір сөзбен айтып жеткізу оңай. Қазақша баламасы бар, бірақ оны ойлап айту кейде ұзақ көрінеді. Әлеуметтік желіде бәрі осылай сөйлейді, сондықтан біз де қолданамыз. Менің ойымша, бұл — қазіргі заманның тілі.
Данияр, 15 жаста:
— Мен жаргон сөздерді кейде қолданамын, кейде қолданбаймын. Достарыммен сөйлескенде жиі қолданамыз, бірақ сабақта немесе үлкендермен сөйлескенде әдеби тілде сөйлеу керек деп ойлаймын. Бұл — мен үшін тек құрал сияқты.
Нұрсұлтан, 17 жаста:
— Жаргонды жаман деп айтпаймын, бірақ кейде сөйлемнің жартысы қазақша, жартысы басқа тілде болып кетеді. Сол кезде өз тілімізді ұмытып бара жатқан жоқпыз ба деген ой келеді. Әлеуметтік желіде бәрі осылай сөйлейді, бірақ ресми ортада әдеби тілдің сақталуы маңызды.
Айдана, 17 жаста:
— Мен үшін жаргон — тренд. Бұл күнделікті өмірді жеңілдететін құрал. Әлеуметтік желіде бәрі осылай сөйлейді. Бірақ ресми ортада әдеби тілде сөйлеу керек екенін түсінемін.
Тіл — уақыттың айнасы
Қорыта айтқанда, жастар тілі — бір жағынан заманның белгісі, тренд. Ал екінші жағынан, тілдің шұбарлануына әкелуі мүмкін құбылыс.
Ең бастысы — жаргонды орнымен қолдану. Достар арасында жаргон сөздерді пайдалану қалыпты жағдай болуы мүмкін. Алайда ресми ортада, білім мен ғылым саласында әдеби тілді қолдану — әр адамның тіл мәдениетін көрсетеді.
Жаргон — уақыттың айнасы. Ал ана тілінің тағдыры — сол уақыттағы ұрпақтың қолында.
Асель Сайлаубекова
