«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Қазақстанда кедейлікті бағалау өзгереді: енді тек табыс емес, тұрмыс сапасы маңызды

Қазақстанда кедейлік деңгейін есептеу тәсілі өзгермек. Енді халықтың тұрмыс жағдайы тек табыс көлемімен ғана емес, басқа да маңызды факторлар арқылы бағаланады. Атап айтқанда, білімге қолжетімділік, медициналық қызмет алу мүмкіндігі, тұрғын үй жағдайы (пәтердің тар немесе кеңдігі) және жалпы өмір сапасы ескеріледі. Бұл өзгерістер отбасының нақты әлеуметтік жағдайын анықтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі қолданылып жүрген әдіс азаматтардың шынайы тұрмыс деңгейін толық көрсете алмайды. Мысалы, адамның нақты неден таршылық көріп отырғанын немесе табысының неге жетпейтінін анықтау қиын. Жаңа тәсіл бұрынғы жүйені толық алмастырмайды, бірақ қосымша көрсеткіштер енгізу арқылы талдау аясын кеңейтеді.

Сарапшылардың айтуынша, енді тек абсолюттік кедейлік емес, адамның өмір сүру жағдайы да назарға алынады. Мәселен, отбасы мүшелері білім алу немесе медициналық қызметке қол жеткізе ала ма, балабақша бар ма, тұрғын үй жағдайы қаншалықты қолайлы — осының бәрі ескеріледі.

Астана тұрғындарының пікірінше, бұрынғы тәсіл халықтың тұрмыс деңгейін толық бағалауға мүмкіндік бермейді. Ал жаңа әдіснама адамның шынымен кедей санатына жататынын дәлірек анықтауға жол ашады. Себебі кей жағдайда адам өзін табысы төмен деп есептегенімен, оның баспанасы немесе көлігі болуы мүмкін. Сондықтан тек жалақыға қарап қорытынды жасау жеткіліксіз.

Әлеуметтанушы Батжан Ақмолдинаның айтуынша, кейбір отбасылардың табысы белгілі бір деңгейде болғанымен, тұрғын үйге кететін шығындарды алып тастағанда, олардың күнделікті өмір сүру деңгейі төмендеп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда олар кедейлік шегіне де түсуі ықтимал.

Жалпы, кедейлік деңгейі елдегі өмір сүру стандарттарына байланысты анықталады. Кейбір мемлекеттерде, мысалы, еңбек демалысында шетелге шыға алмайтын адамдар да кедей санатына жатқызылуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен нақты әрі әділ базалық көрсеткіштерді қалыптастыру маңызды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан ЕАЭО елдері арасында кедейлік деңгейі ең төмен мемлекеттердің бірі ретінде аталған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Тоқаев Ұлытау облысында қаза тапқан кеншілердің туыстарына көңіл айтты

Redaktor Shyn-Ar

Ұлттық құрылтайда биыл қандай мәселе көтеріледі?

Қант диабеті мен БЦП әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынып тасталады