«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлемСаясат

Украинада Назарбаев ескерткішін бұзбайтын болды

Украина билігі Днепропетровск облысындағы Каменское қаласында орналасқан оқу орнында ілулі тұрған Нұрсұлтан Назарбаевтың барельефін алып тастау туралы ұсынысты қолдамады.

Бұл мәселе қазақстандық белсенді Тұрарбек Құсайыновтың өтінішінен кейін қаралған. Ол Каменское қалалық кеңесіне хат жолдап, барельефті бұзуды ұсынған. Белсенді өз уәжінде Назарбаевтың кеңестік кезеңде Коммунистік партия құрылымында қызмет атқарғанын және кейінгі саяси байланыстарын алға тартқан.

Қалалық кеңес бұл мәселе бойынша Украинаның Ұлттық жад институтына ресми сұрау жолдаған. Институт басшысы Александр Алферовтың 2026 жылғы 15 сәуірдегі жауабында барельефті алып тастауға негіз жоқ екені айтылды.

Оның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейдің империялық саясатын қолдағаны немесе оған қатысы бар екені жөнінде дәлелдер жоқ. Сонымен қатар, ол Украина заңнамасында тыйым салынған символикаға жатпайды.

Институт сондай-ақ Назарбаевтың Украинадан мемлекеттік марапаттар алғанын атап өтті: 1997 жылы — Ярослав Мудрый ордені, 2010 жылы — Бостандық ордені.

Сондықтан барельеф коммунистік тоталитарлық режимді немесе тыйым салынған саяси символиканы білдірмейді деп танылып, ол Украина мен Қазақстан арасындағы тарихи-мәдени байланыстардың көрінісі ретінде қалдырылған.

Айта кетейік, бұл барельеф 2005 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1958–1960 жылдары осы оқу орнында білім алғанына байланысты орнатылған.

Ұқсас жаңалықтар

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ – ӘЛЕМДІК ЭЛИТАДА: ПЕДАГОГТАР ДАЯРЛАУ БОЙЫНША ӘЛЕМНІҢ ТОП-50 ҚАТАРЫНА ЕНДІ

Жаңа Конституция күшіне енді: Қандай өзгерістер енгізілді

Бос жұмыс орындары — 2025: кімдерге сұраныс жоғары, мамандар қай аймаққа қажет

Redaktor Shyn-Ar