«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Атырау – Ақтөбе пойызында билетсіз мінген жолаушы көз жұмды

Атырау – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында билетсіз мінген ер адам жол үстінде қайтыс болды. Қайғылы оқиға 13 шілде күні Қандыағаш пен Ақтөбе станцияларының арасында болған.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, марқұмның пойызға билетсіз отырғаны анықталған. Компанияның ішкі тексеруі оның вагонға жолсеріктің рұқсатымен мінгенін көрсетті.

Сапар барысында жолаушының денсаулығы күрт нашарлап, оған көрсетілген көмек нәтиже бермей, ер адам пойыз ішінде көз жұмған.

Оқиғадан кейін тасымалдаушы компания қызметтік тексеру жүргізді. Оның қорытындысына сәйкес, пойыз бастығы мен екі жолсерік қызметінен босатылды. Сонымен қатар Ақтөбе учаскесінің бастығы мен өндірістік оқыту нұсқаушысына қатаң сөгіс жарияланды. Ал «Батыс» филиалының басшылығына қатысты жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік жаза қолдану мәселесі қаралып жатыр.

Компания вагондағы кондиционердің қалыпты режимде жұмыс істегенін және ішкі ауа температурасының белгіленген талаптарға сәйкес болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ вагонның 2023 жылы пайдалануға берілгені айтылды.

Пойыз Ақтөбе станциясына жеткеннен кейін марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Ақтөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімі аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адамның өліміне пневмония себеп болуы мүмкін. Алайда өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама мен тергеу нәтижелері аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Ұқсас жаңалықтар

«Жұмыс істегісі келген адам жұмыс таба ма?»: Бектенов еңбек министрінен сұрады

Алматыда мопед иелері жазаланып жатыр

Басына екі оқ тиген сарбаз: Қайсар Сұлтанов ісінде әділдік бар ма?