Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеру жобасына қатысты америкалық инвестордың қатысуы туралы тараған ақпаратқа «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы түсініктеме берді.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Солтүстік Қатпар» кен орнының 70 пайыз акциясы америкалық Cove Kaz Capital Group компаниясына сатылғаны жөнінде мәлімет тараған болатын. Алайда «Тау-Кен Самұрық» бұл ақпаратты жоққа шығарып, Қазақстан Конституциясына сәйкес жер қойнауы халыққа тиесілі екенін және оның сауда нысаны бола алмайтынын еске салды.
Компанияның мәліметінше, америкалық инвестормен жасалған келісім «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» кен орындарын игеру жобасына стратегиялық капитал мен заманауи технологияларды тартуға бағытталған. Келісім аясында инвестор 1 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы құйып, жобаға қатысты техникалық және операциялық тәуекелдерді өз мойнына алады.
Шарт бойынша Cove Capital бірлескен кәсіпорынның жарғылық капиталының 70 пайызына ие болады. Дегенмен бұл үлес кен орындарының құнына қатысы жоқ. Қазақстан тарапы жобаны жүзеге асыруда және кен орындарын игеруде стратегиялық бақылауды сақтайды.
Сонымен қатар жоба аясында дайын өнімді Қазақстан аумағында өндіру көзделген. Бұл ішкі нарықта қосылған құн қалыптастыруға, жаңа өндірістерді дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Маңызды талаптардың бірі – шикізатты сыртқа шығаруға тыйым салу. Барлық өндірілген өнім ел ішінде терең өңделуі тиіс.
Аталған келісім Вашингтонда өткен C5+1 саммиті барысында жасалған. Жоба іске асқанда шамамен 2000 жаңа жұмыс орны ашылады және жұмысқа қабылдауда жергілікті мамандарға басымдық беріледі.
Инвесторлар сондай-ақ Қазақстан аумағында екі байыту фабрикасы мен металлургиялық зауыт салуды жоспарлап отыр.
«Солтүстік Қатпар» компаниясы Қарағанды облысындағы аттас және «Жоғарғы Қайрақты» кен орындарында вольфрам-молибден кендерін барлау және өндірумен айналысады. Кен орнының қоры шамамен 90 мың тонна вольфрам мен 13 мың тонна молибден деп бағаланған. eGov деректеріне сәйкес, компания әлі де толықтай «Тау-Кен Самұрыққа» тиесілі.
Аталған кен орындары кеңестік кезеңде барланғанымен, ұзақ уақыт бойы игерілмей келген. Бұған жоғары қаржы қажеттілігі, күрделі геологиялық ерекшеліктер, тиімді технологиялардың болмауы және нарықтағы тұрақсыздық себеп болған.
Cove Kaz Capital Group LLC – 2015 жылдан бері геологиялық барлаудан бастап құрылыс кезеңіне дейінгі тау-кен жобаларына инвестиция салып келе жатқан халықаралық Cove Capital LLC тобының құрамына кіреді. Компанияның кеңселері АҚШ пен Австралияда орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың Geo Jade Petroleum Corporation компаниясы Қазақстандағы ірі газ кен орындарының бірін игеруге қатысатыны хабарланған. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы мен қытайлық инвестор Қызылорда облысындағы «Созақ» кен орнын дамыту бойынша келісімге қол қойған.
