«Жайдарман» ойыншысы күрес федерациясының басшылығына тағайындалды. Отандық күрес федерациясы жаңа маманмен толықты. Елімізге танымал актер, жайдарманшы, «Миллион» командасының мүшесі Мансар Орынхан Түркістан облысы күрес федерациясының вице-президенті қызметіне кірісті.
«Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі сенім. Көрсетілген қолдау үшін Түркістан облысы күрес федерациясына және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымды білдіремін. Басты мақсат – ұлттық спорттың беделін арттырып, жас буынға мотивация беру. Алда үлкен жұмыстар бар. Бірге дамимыз!» – деді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Актер алдағы уақытта күресті кеңінен насихаттауға, оның имиджін күшейтуге және медиа бағытты жаңа деңгейге көтеруге күш салатынын жеткізді.
«Жинақтаған тәжірибем мен шығармашылық көзқарасымды осы салаға бағыттап, бірлесе отырып нәтижелі жұмыс атқарамыз деп сенемін. Негізгі мақсат – ұлттық спорттың абыройын арттырып, жастарды ынталандыру», – деді Мансар Орынхан.
