Алматыда Владимир Жириновскийге арналған естелік тақта орнату ұсынылды. Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Сергей Леонов Алматыдағы Жириновский дүниеге келіп, балалық шағы өткен үйді аралады.
Аталған ғимарат қаланың орталығында, Масанчи көшесі 79 мекенжайында орналасқан. Деректерге сәйкес, болашақ саясаткер осы үйдің екінші қабатындағы №3 үш бөлмелі пәтерде тұрған.
Үйді аралап шыққаннан кейін Леонов саясаткердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ғимараттың қасбетіне естелік тақта орнатуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл бастама Жириновскийдің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында символикалық мәнге ие.
«Егер осы ғимараттың қасбетінде дәл осы жерде көрнекті ресейлік саясаткер Владимир Вольфович Жириновский дүниеге келгені туралы естелік тақта орнатылса, өте орынды болар еді. Бұл тарихи үй туралы көпшілік біліп, оның өмірімен жақынырақ танысар еді», – деді Сергей Леонов.
Айта кетейік, Владимир Жириновский 1946 жылғы 25 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. Кейін Ресейге қоныс аударып, посткеңестік кезеңдегі ең танымал саясаткерлердің біріне айналды. Ол Ресейдің либерал-демократиялық партиясын құрып, ұзақ жылдар бойы басқарды, бірнеше рет Мемлекеттік Дума депутаты болып сайланып, президенттік сайлауларға қатысқан. Жириновский өткір әрі эпатажды мәлімдемелерімен танылып, оның сөздері жиі қоғамда үлкен резонанс тудырған.
