Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов Құрылтай сайлауын өткізуге кететін шығын АЭС салу бойынша өткен референдумнан да көп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты референдум өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсалған болатын. Өтемісовтің айтуынша, Құрылтай сайлауының нақты құны әзірге белгісіз.
«Иә, шығын көлемі бұдан да жоғары болуы мүмкін. Алайда нақты соманы қазір айта алмаймыз. Барлығы сайлаудың нақты қашан өтетініне байланысты. Соған сәйкес есеп жүргізіледі», – деді ол.
Сондай-ақ, комиссия хатшысы сайлау күні ресми бекітілгеннен кейін ғана комиссия мүшелерінің еңбекақысы есептелетінін айтты. Оның сөзінше, бұл — сайлау өткізу кезіндегі ең ірі шығын баптарының бірі. Сондықтан қазіргі таңда нақты қаржы көлемі жарияланбаған.
